Еліміздің ауыл шаруашылығы министрлігі аграрларға отбасылық ферма құруды ұсынып отыр. Бұл 50 ірі қара мал басы бар шағын шаруашылық. Қазірдің өзінде Қазақстанда 100 мыңға жуық бордақылау алаңдарын ашу жоспарланып отыр.
Қостанай облысында 100-ге жуық шағын отбасылық фермалар ашу жоспарланып отыр. Ақ жағалылар қақаған қыста да малдарды шөпсіз қалдырмайтындарына ерекше сенімді. Сол үшін облыста ірі қара малды бордақылайтын ортақ алаң құрылады.
«Мұндай жаңашылдық фермерлер класын құруды көздейді. Бағдарлама аясында ірі кәсіпорындар емес, шағын отбасылық фермаларды құруға басымдық береміз. Бүгінгі күні Қазақстанда 20 мыңнан астам фермерлік шаруашылық бар. Олардың барлығы «Сыбаға» бағдарламасының қатысушылары. Қолға алынған бағдарлама бұлардың санын 100 мыңға жеткізеді», – деді ҚР Премьер-министрі орынбасары, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ ШӨКЕЕВ.
Фермерлерге көмек ретінде жылдық мөлшерлемесі 4 пайыздық жеңілдетілген несиелер берілмек. Бұл ретте үш-төрт адамды жұмыспен қамтып отырған ферма барлық шығынды алып тастағанда, жылына 4,5 млн теңгеге жуық пайда әкелуі мүмкін.
«Шағын фермасы бар адам жұмысшы қылып інісін, баласын, туған-туысын ала алады. Фермерлерге мемлекет тарапынан көмек көрсетілетін болады. Бұл бағдарлама Қазақстанда отбасылық фермаларды көбейтуге берілетін үлкен мүмкіндік», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Арман ЕВНИЕВ.
Айта кетейік, алдағы бес жылда ет өнімдерінің экспортын 2,5 есе көбейту көзделіп отыр. Ал мал шаруашылығын дамытудың жаңа жүйесі жоспардағы шаруаны тындыруға мүмкіндік береді. Қазір аудан әкімдіктеріне барлық отбасылық шаруашылықтар үшін жайылымдық жерлерді құру тапсырылды.
Жадыра Омаржан, Өмір Әнуарбек, «Алматы» телеарнасы, Қостанай облысы