Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстан Президентімен кездесті

04.12.2017 22:21

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қырғыз тарапының өтініші бойынша көрші елдің жаңа сайланған президенті Сооронбай Жээнбековпен кездесті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Мемлекет басшысы әуелі қырғыз президентін сайлаудағы жеңісімен құттықтады. Әрі, қос ел арасында туындаған кикілжіңдерді сындарлы жолмен шешуге ниетті екенін білдірді.  

«Екі елдің арасындағы туысқандық, бауырлық қарым-қатынастың бәрін орнына келтіреміз. Ол екі халықтың мүддесі. Шекарадағы жағдайдың барлығын не үшін болғаны білеміз барлығымыз. Сондықтан біз былай деп келістік. Жол картасы бар екі мемлекет келіскен, сол жол картасын қарау үшін бір топ Үкіметтен Қазақстанға келеді. Біздің топпен екеуі отырады да соған қол қояды. Содан соң, қырғыз тарапының өтініші бойынша біз уақытша Қордайдың шекарасын ашамыз да, екі жақтан бақылау қоямыз», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Ал бұның Алдында Нұрсұлтан Назарбаев Беларусь Республикасының президенті Александр Лукашенкомен кездескен болатын. Сапар кезінде мемлекет басшылары қос ел арасындағы ынтымақтастықты әрмен қарай дамыту мақсатында бірқатар маңызды құжаттарға қол қойды. Бұдан былай екі мемлекет арасындағы тауар айналымы арта түспек. Ал келер жылы Қазақстан мен Беларусь арқылы тасымалданатын Қытай мен Еуропа арасындағы жүк көлемі екі есе өседі деп күтілуде. Биылғы 9 айда қос ел арасындағы тауар айналымының көлемі 60 пайыздан астамға артып, 441 миллион АҚШ долларын құраған екен.

«Біз іске асырып жатқан ірі бағдарламалардың бірі - Қазақстанның индустриалды-инновациялық дамуы. 5 жыл ішінде біз 1 мың 200 жаңа кәсіпорын аштық. Енді біз бірінші бесжылдықтың қорытындысын шығарамыз. Екінші маңызды бағдарлама - Қытай халқының идеясымен бірлесіп жүзеге асып жатқан «Ұлы Жібек жолы». Бұл бағдарлама арқылы біз соңғы екі жылда Қытай шекарасынан Ресей шекарасына дейін  2500 шақырым теміржол салдық. Сондай-ақ Каспий теңізіне дейін 4 мың шақырым заманауи автомобиль жолдарын жасадық. Осылайша, белорустық тасымалдаушылар үшін мүмкіндіктер ашылды», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.