Елімізде діннің қазақстандық моделін қалыптастырмақ

04.12.2017 21:44

Мәдени құндылықтарымызды ескере отырып, діннің қазақстандық моделін қалыптастыру керек. Бұл ойды еліміздің Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев дінтананушылардың 7-ші форумында айтты. Жыл сайын өтетін басқосуда мамандар дінге қатысты көкейтесті мәселелерді талқылап, өз ойларын ортаға салды.

Дін жолындағылар орта ғасырлық өмір сүру дағдыларын емес, қазіргі заманға сай болу керек. Өйткені, ол кездің қасиетті кітаптарындағы жазбаларды бүгінгі күні қаз қалпында іске асыру мүмкін емес деді Дін істері және азаматтық қоғам министрі. Тіпті, мемлекет құрылысы дінге жақын, яғни заңы шариғат саналатын елдер де осыны түсініп, діннің оңтайлы жолдарын табуда дегенді қоса кетті.   

«Көптеген елдер оның ішінде өмір бойы шариғат бойынша өмір сүріп жатқан араб елдері де қазір сол қасиетті кітаптарда жазылған нәрсені қазіргі заманға сай келтіріп отыр. Осы жолмен тіпті Сауд Арабиясы да бара жатыр. Сондықтан, бізге де өзіміздің тарихи және мәдени құндылықтарымызды ескере отырып, өзіміздің ерекшеліктерімізге мән беріп, назар аударып, өзіміздің қазақстанға тән моделімізді қалыптастыру керек»,-деді ҚР дін істері және азаматтық қоғам министрі, Нұрлан ЕРМЕКБАЕВ.

Елімізде деструктивті діни ағымды ұстанатындар қатары азайып келеді. Осы жылдың басынан бері министрлік тарапынан жүргізілген жұмыстар арқасында бірнеше жүз азамат дәстүрлі дінге бет бұрған. 

«Дәстүрлі емес діндегілердің санын нақты айту қиын. Өйткені, адамдардың ой-санасы да өзгере береді. Өте тұрақты нәрсе емес. Бірақ, деструктивті діни ағымдардың ұстанушылардан біраз адамдар бар. Бірақ, олардың көбісі қазір өздерінің қателіктерін түсініп, кәдімгі, жалпы, ұстанымды қалыпты күйінде келе жатыр»,-деді ҚР дін істері және азаматтық қоғам министрі, Нұрлан ЕРМЕКБАЕВ.

Форум барысында Нұрлан Ермекбаев жақынарада діни қызмет және діни бірлестіктер жайында заң жобасы әзірленеді деді. Ал, мәжіліс депутаты Мәулен Әшімбаев құжатты дайындау барысында азаматтық қоғам институттары мен діни бірлестіктердің қатысу керектігін айтып, шешілуі тиіс діни мәселелерге тоқталды. Соның бірі - отанымыздан шетелдің белгісіз діни оқу ордаларына аттанатындар жайы.

«Шетелге кейбір қазақстандықтар өз бетімен кетіп, сол жерде бір енді әртүрлі радикалды топтардың оқу орындарында оқып жатқан, не оқыған фактілері бар екені белгілі. Сондықтан, біз осындай үрдістерге тосқауыл қоюымыз керек. Бірақ, тосқауылды қалай қоюымыз керек?! Енді оларды шығармай қоймауымызға болмайды ғой.  Өйткені, сыртқа шығу - әрбір азаматтың құқығы. Олар енді соған барам деп айтпайды ғой. Сондықтан, бұл жерде осындай процесстерді реттеу үшін бір дұрыс, ұтымды заң нормаларын осы заңға кіргізуміз керек»,-деді ҚР парламенті мәжілісінің депутаты, Мәулен ӘШІМБАЕВ.

Негізі, заң жобасында 3 кодекс пен 9 заңға 50-ден астам түзетулер енгізу көрсетілген. Ал, форум Мемлекет басшысының дінтану және мемлекеттілікті нығайту, рухани жаңғыру, мемлекеттің зайырлы негіздері жөніндегі бастамаларының аясында ұйымдастырылды.

Нұржан Сәдірбай, Олжасбек Мәден, «Алматы» телеарнасы, Астанадан