Халықаралық «Экспо-2017» көрмесінің өтуіне 2 айдан астам уақыт қалды. Уақыт аз, жұмыс көп. Мемлекет басшысы біраз жауаптылардың есебін тыңдап, кейбірін сыбап салды. Себебі, миллиондаған адамды қабылдайтын Астана барлығына сақадай сай болуы шарт. Экспо аймағында өткен жиынға барып қайтқан Елордалық тілшіміз Назым Мәлікқызы толығырақ тарқатсын.
Бүгінгі отырыс бұрынғыдан ерек болды. Экспо көрмесі тақаған сайын, шенеуніктердің дегбірі кетті. Үкімет басшылары мен әкімдерді жинаған Президент елеулі жүк артқандардың есебін тыңдады. Экспоның дайындығы мен қаланың келбетін сөз етті.
«9 мамырда «Экспо- 2017» көрмесінің салтанатты ашылу шарасы өтеді. Мен аймақты және салынып жатқан құрылыс нысандарын бақылап қайттым. Нысандар жақын арада салынып бітеді. Бұл Тәуелсіз елдің жеткен жетістіктерін көрсетуге мүмкіндік бермек. Осы мәселелерді тілге тиек ететін боламыз»,- деді Қазақстан Республикасының президенті, Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Аймақты барлап қайтқан Елбасы құрылыс, дайындық жұмыстарына жақсы баға берді. Осы тұста, тек Экспоның ғана емес, түпкілікті қаланың аталмыш шараға дайындығы айтылмай қалмады. Алғашқы есеп Астана қаласының әкімі Әсет Исекешовтың мойнына түсті. Ол өз тарапынан атқарылып отырған жұмыстарды баяндап берді.
«Экспоны ойдағыдай өткізуге әкімдік тарапынан арнайы штаб құрылды. Біріншісі, келген қонақтарды жайғастыру мәселесі. Демек, 2 млн жуық адамның тұратын жері болады. Ол 35 мың төсек орны.Өзге аймақтармен де қарым-қатынасты нығайттық.Сонымен қатар, жоспар бойынша, бізге 110 00 жуық жедел тағам дайындау орталықтары қажет. 850-ге жуық дәмханалар 116000 орынды қамтуға мүмкіндік береді. Азық-түлікті қолдану осы кезеңде 30 пайызға артады деген ойдамыз»,- деді Астана қаласының әкімі, Әсет ИСЕКЕШЕВ.
Астана әкімінен кейін, мінберге шыққан Ахметжан Есімов көрме нысандарының жағдайымен таныстырды. Президент жоғары баға бергеніне қарағанда нысандардың біразы дайын көрінеді. Қосымша тартылған инвесторлардың арқасында бюджет шығынында азайтқан.
«Бүгінгі таңда 20-ға жуық нысанның 18 толыққанды аяқталды. Қалған екеуі, яғни конгресс орталық пен қонақүйлер мамырдың орта шенінде қолданысқа дайын болады. Конгресс орталығын салу жоспары сіздің тапсырмаңыз бойынша өзгертілген болатын. Құрылысқа қосымша инвестиция тартудың арқасында бюджет шығынын 30 млрдқа үнемдедік»,- деді "Астана ЭКСПО-2017" ҰК" АҚ басқарма төрағасы, Ахметжан ЕСІМОВ.
Соңғы болып сөз алған энергетика министрі жасыл экономика, энергенияны үнемдеу, ғылыми жетістіктерді дәріптеуде атқарылатын жұмыстарымен бөлісті. Осы тұста ең ірі термо ядролық энергетика бағытындағы «Такамака» жобасы іске қосылса еліміз осы бағытта дамыған ең ірі 7-8 елдің қатарына енбек.
Назым Мәлікқызы Артур Абулхатаев, «Алматы» телеарнасы Астанадан