ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ел экономикасының дамуы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Сыртқы факторларға қарамастан, 4 процент көлемінде тұрақты өсу үрдісі сақталып отыр. Қазақстан жаңа жағдайға бейімделіп, дәйекті реформаларды жүргізуді жалғастырып келеді. Заманауи талаптарға сай болу үшін цифрландыру және адами капитал сапасын арттыруға бағытталған мемлекеттік жобалар жүзеге асырылуда. Осыған орай, елімізде қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасып, шетелдік озық технологиялар мен капиталды тарту көзделіп отыр»,– деді Н.Назарбаев елшілердің сенім грамоталарын тапсыру рәсімінде.
Президенттің айтуынша, бүгінде Қазақстан көршілер елдермен, сондай-ақ Еуропа мен Азия арасындағы нарықтық қатынастарды жандандыруға қажетті заманауи инфрақұрылым қалыптастырды.
«Атап айтқанда, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық автокөлік дәлізінің 3 мың шақырымға жақын қазақстандық бөлігінің құрылысы аяқталды. Жақында Ақтау қаласында өткен 5-ші Каспий саммитінде Каспий төңірегінде бес елдің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылды. Конвенцияда қауіпсіздік пен экология мәселелерімен қатар Каспий маңы елдерінің көлік инфрақұрылымын дамыту, транзиттік әлеуетін арттыру қарастырылған. Жаңадан салынған Құрық порты арқылы транскаспий бағыттағы жүк тасымалдарының тиімді логистикасы қалыптасады. Қазірдің өзінде Қазақстанның өнімдері әлемнің 120 еліне жеткізіліп отыр» , – деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, бүгін Ақордада Украина, Ливан, Бразилия, Германия мен Пәкістан елшілері ҚР Президентіне сенім грамоталарын тапсырды.