Бүгін елордадағы Конгресс орталықта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығының ресми қызметін арнайы гонг соғу арқылы іске қосты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ұзақ уақыт күткен сәттің туындауымен құттықтаймын және осыдан бастап біздің Халықаралық қаржы орталығымыз қызметіне кірісті. Осы жерде отырған барлық орталық қатысушыларына, уақытын бөліп келіп отырған қымбатты қонақтарымызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Біздің елімізге небәрі - 27 жыл. Бұл тарих үшін қас-қағым сәт. Дегенмен, біздің халқымыз болашақ гүлдену жолында үлкен қадам жасады деп ойлаймын. «Астана» халықаралық қаржы орталығы да осы мақсатқа қызмет ететіндігіне үміт артамыз. Біз өз тарапымыздан орталықтың жұмысы барлығына қанағаттанушылық сыйлайтындай, бизнеске пайда әкелетіндей және Қазақстан одан мол пайда алатындай жасайтын боламыз», - деді орталықтың тұсауын ресми кескен Нұрсұлтан Назарбаев.
Осыдан кейін Қазақстан Президенті орталыққа ең бірінші болып тіркелген 50 компания өкілдерімен естелік суретке түсті.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Елбасының қатысуымен «Астана» ХҚО-ның ресми ашылу рәсімі өтті.
Шара барысында Нұрсұлтан Назарбаев Астана - Тәуелсіздігіміздің, еліміздің береке-бірлігінің, дамуының, дәрежесінің символы, барлық бастамалар мен оң өзгерістердің флагманы екендігін баса айтқан еді.