Елбасының қатысуымен «KADEX-2018» қару-жарақ пен әскери-техникалық мүлік көрмесі жұмысын бастады

Елбасының қатысуымен «KADEX-2018» қару-жарақ пен әскери-техникалық мүлік көрмесі жұмысын бастады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«KADEX-2018» қару-жарақ пен әскери-техникалық мүлік көрмесі жұмысын бастады. Бесінші рет өтіп жатқан шараға 40 елдің өкілдері мен 30-ға жуық мемлекеттің 300-ден астам әскери кәсіпорындары қатысуда. Астана аспаны астында үш күн бойы жалғасатын көрмені Президент Нұрсұлтан Назарбаев ашып берді. Оның бұрынғыларынан қандай ерекшелігі бар?

«KADEX» көрмесі биыл 5-ші рет өтіп жатыр.  Түркия, Қытай және Ресей елдері мен отандық «Қазақстан инжиниринг», «Қазақстан Парамаунт инжиниринг» пен «Қазтехнология» кәсіпорындарын қосқанда, жалпы саны 10 павильон көпшілікке ұсынылған. Президент маңызды шараны ашу салтанатында 2018 жылғы көрменің  өткен жылғылардан басты ерекшелігін де айтты.

«Бесінші рет өткізіліп отырған айтулы шара биылғы жылы Астананың 20 жылдығымен тура келіп отыр. Осы жылғы көрменің басты ерекшелігі - «Қазақстандағы ғарыш күндері» атты форумның ұйымдастырылуы. Сондықтан мұнда 10 павильонның қатарында әлемдік ғарыш саласының жетістіктеріне арналған арнайы павильон ашылып отыр», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Елбасы тілге тиек еткен «Қазақстандағы ғарыш күндері» халықаралық форумы аясында екі ірі конференция өтеді. Онда әлемнің түрлі елдерінен келген мамандар мен сарапшылар қорғаныс өнеркәсібі, ғарыш қызметі мен ақпараттық қауіпсіздіктің маңызды мәселелері төңірегінде пікір алмасып, заманауи кезеңдегі киберқорғаныс жөніндегі сауалдарды талқылайды.

«Көрме қонақтары қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің, ғарыш саласының соңғы жетістіктерімен танысатын болады. Бұл ретте электронды-жүйелі байланыс, қару-жарақты басқару ісіне баса мән берілген. Ақпараттық қауіпсіздік саласын жетілдірудің тың жолдарын зерттеу мәселесінде де назар аударылды.  Көрме Қазақстанның қорғаныс өнеркәсібінің әлеуетін арттырып, оны жаңа деңгейге көтеруге септігін тигізеді деп сенеміз», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Бұдан басқа, Нұрсұлтан Назарбаев әлемдегі бүгінгі ахуал біздің елден басқа, барлық жаһандағы елдерді қорғаныс қабілетін нығайтуға мәжбүрлеуде деді. Бірақ Қазақстан әркез әлемдегі тек бейбітшілікті қолдайтынын айтты.

«Өздеріңіз де білетіндей, біздің еліміз таяу және алыс елдермен тату көршілікті нығайтуға бағытталған бейбітсүйгіштік саясат жүргізіп келеді. Дегенмен, әлемдегі бүгінгі жағдай барлық елдерді қорғаныс қабілетін нығайтуға мәжбүрлеп отыр. Біз де Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы аясында дәл осыны жасауға ұмтыламыз», - деді Қазақстан Республикасының Президенті  Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Айта кетейік, елорданың халықаралық әуежайының әскери секторы аумағында отандық 17 кәсіпорын әскери техниканың 57 бірлігі мен әскери азаматтық мақсаттағы 162 бұйымның тұсаукесерін өткізбек. Бүгін басталған көрме 26 маусымға дейін жалғасатын болады.



Новости партнеров