Нұрсұлтан Назарбаев қаржы министрі Бақыт Сұлтановты мемлекет қаржысын тиімсіз бөлгені үшін сынады. Екінші мәрте қатулы қабақпен ескерту жасады. Ал тағы қайталанса, жағдайдың мүлдем басқаша болатындығын да жасырмады. Президент барлық министрлер кабинетін тайлы-тұяғын қалдырмай Үкіметте жинады. Пара алудан соңғы кезде алдына жан салмай кеткен шенеуніктерді түгендеді. Барлық ведомство басшыларына тоқталды. Жұмыстарын саралады.
Үкіметке министрлер кабинеті толық құрамда жиналды. Бұл жолы Елбасының қатысуымен өткен отырыста сын садағына ілікпеген министр қалмады. Су жаңасы бар, орынтағына жайғасқанына біраз болған әккі министрлер де Прзеденттен оңбай сөз естіді. Сөз естуге еті үйренгендердің қатарында қаржы министрі Бақыт Сұлтанов бар. «Мемлекет қазынасындағы әрбір тиынға басыңмен жауап бересің» деп былтыр Президенттен ескерту алғаны әлі есімізде. Десе де, бұл жолы да ысырапшылдыққа бой алдырған бас қазынашымыз енді үнемдеуді үйренбесе, жағдайы мүшкіл болмақ.
Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышевтің соңғы кездегі атқарған тірлігін Президент сауатты жұмыс ретінде бағалайды. Жеке басына телінген сөздерді орынсыз деген Елбасы «Ешкімнен қорықпа» деп те пәрмен берді. Ұлттық банктің ісіне араласқандарды, һәм қаржылық жүйеге бас сұққандарды жазалау керек. Банк жүйесін сөз еткен Нұрсұлтан Назарбаев небәрі 4 банктің бәсекеге қабілеттілігін айтты. Тұтас банк жүйесінің 80 пайызын ұстап тұр бұл қаржы институттары. Ал қалған 26-сында 1 пайызы да жоқ.
«Ешкімнен қорықпа. Ұлттық банк тәртіпке келтіре бастаса, Ұлттық банк төрағасына шабуылдың да күшейе түсетіндігін байқап отырмын. Мен Ұлттық банк төрағасын 100 пайыз қолдаймын. Біреу араласатын болса, маған міндетті түрде фамилияларын ата», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Біздің елде кәсіп ашқысы келетіндерге 28 мыңнан астам талап қойылады екен. Бұл дегеніңіз мемлекеттік органдардың есігін жағалап, қағазбастылық көп деген сөз. Шет елдік инвесторлар да бұны біле салысымен елімізден ат тондарын ала қашады. Президент өзге елден келіп, қаржы құямын дегендерге жағдай жасау керектігін қадап айтты.
4 сағатқа созылған Үкімет отырысында Елбасы жемқорлықпен ұсталған шенеуніктердің де жағдайына тоқталды. Тіптен олардың ата-аналарынан да қатты уайымдайтынын жасырмады. Бір мысал, былтырғы заң бұзушылықтар 163 млрд теңгені құраған. 2900 лауазымды тұлға жауапқа тартылған. Триллиондап ақша жымқырғандармен күрес мұнымен тоқтамақ емес.
Айжан Шамшидин, Бауыржан Қажақанов, «Алматы» телеарнасы Астанадан