Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Грузия Президенті Георгий Маргвелашвилимен кездесті. Елбасы ауқымы кең мәселелер бойынша келіссөздер барысында «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында өзара тиімді іс-қимыл жасау мүмкіндіктері қарастырылғанын айтты. Мемлекет басшысы өз сөзінде «Грузияны Қазақстан сияқты транзиттік мемлекетке айналдыруға мүмкіндік бар. Сөйтіп, Қара теңіз арқылы Еуропаға шығуға болады. Грузия арқылы өтетін газ бен мұнай көлік дәліздері де бар. Осыған орай біз Қазақстан компанияларына тиесілі Батуми мұнай терминалы мен портының мүмкіндіктерін талқыладық» деді.
«Сіздің осы сапарыңызға және Грузияның көрмеге қатысқанына дән ризамыз. Біздің қарым-қатынастарымыз әркезде де жақсы болды. Елдеріміз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бір-біріне жан-жақты көмек көрсеті. Қазақстан Грузия экономикасының негізгі инвесторларының біріне айналды. Екіжақты қатынастарды одан әрі жақсартуға ешқандай да кедергі жоқ. Бұл тұрғыда Сіздің сапарыңыздың маңызы зор»,- деді Қазақстан Республикасының президенті, Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Грузия Президентінің сапары айтулы оқиғаларға - елдеріміз арасындағы дипломатиялық қатынастардың 25 жылдығына және «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің ашылуына тұспа тұс келіп отырғанын атап өту керек. Мейман еліміздің даму қарқынына қызығушылық танытып, Қазақстанға келуге көптен ықыласты болғанын айтты.
«Қазақстанға іс сапармен келу менің көптен бергі жоспарым. Үнемі осы елдің даму қарқыны жайлы құлағдар болып келдім. Енді, сіз және осы елдің азаматтары қиын қыстау кезеңнен өтіп, ширек ғасырға жуық уақытта ауыз толтырып айтарлық жетістікке жеткендеріңізді өз көзіммен көрдім. Айта кету керек, біздің еліміз үшін ЭКСПО сияқты көрмеге қатысып, өз еліміздің әлеуетін көрсету үлкен мәртебе. Екі ел арасындағы ынтымақтастық әлі де ұзағынан болады деп үміттенемін»,- деді Грузия президенті, Георгий МАРГВЕЛАШВИЛИ.