|
03.09.2018 | 10:29
3831

Нұрсұлтан Назарбаев Сооронбай Жээнбековпен кездесті

Нұрсұлтан Назарбаев Сооронбай Жээнбековпен кездесті


Нұрсұлтан Назарбаев Қырғыз Республикасына ресми сапармен барды. Елбасы Қырғыз елінің Тәуелсіздік күнімен тура келген іс-сапар барысында президент Сооронбай Жээнебековпен кездесіп, мерекеге орай өз құттықтауын жеткізді.

Ал Қырғызстан басшысы Шолпан-Атаға арнайы келген Нұрсұлтан Назарбаевқа екі ел арасындағы қарым-қатынасты жандандыруға сіңірген еңбегі үшін ризашылығын білдірді. Президенттер кездесу соңында ынтымақтастық пен өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер жөнінде пікір алмасты.

«Сіз Президент болып сайланғаннан бері біз жиі кездесіп, көптеген мәселелерді талқыладық. Екі жақты қарым-қатынастар жаңа деңгейге көтерілуде. Сауда-саттық көлемі артып келеді. Бүгінде елдеріміз арасындағы барлық проблемалар, соның ішінде шекаралық мәселелер толық шешімін тапты», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Ресми шарадан кейін Нұрсұлтан Назарбаев үшінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылуына қатысты. Ыстықкөл жағасындағы Шолпан-Ата қаласында өтіп жатқан додаға әлемнің 60 елінен 2000-ға жуық спортшы келген. 37 ұлттық спорт түрінен сайысқа түсетіндер арасында Қазақстан намысын спорттың 25 түрінен 134 спортшы қорғайды.  




Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
Прямой эфир