Алматыға Универсиада ойындарының алауы жеткізілді

Алматыға Универсиада ойындарының алауы жеткізілді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қаламызға бүкіләлемдік 28-ші қысқы Универсиада ойындарының алауы жеткізіледі. Қазірдің өзінде Алматы әуежайында дүбірлі доданың ұйымдастырушылары, еріктілер алау эстафетасын күтіп алуға дайын тұр. Астанада жағылған Алау арнайы құтыға салынып әкелінеді. Бұдан бөлек, республиканың барлық облыс орталықтарында да Универсиада алауы жағылып, 29-шы қаңтар күні Алматыға жеткізілмек. Алау эстафетасы 22 мың шақырымнан астам жолды еңсереді деп жоспарлануда. Әуежайда қазір менің әріптесім Азамат Әуезхан студиямен тікелей байланысқа шықпақ. Азамат, Универсиада алауы қашан жеткізіледі? 

Әнуар, дәл қазір мен Алматы әуежайында тұрмын. Әуежайда адам қарасы өте көп. Олардың мұнда жиналу себебі де тегін емес. Бірер минуттардан соң, қаламызға дүбірлі доданың алауы жеткізіледі. Айта кетейін, елордада 28-ші Дүниежүзілік Қысқы Универсиаданың  алауы жағылды.

Салтанатты жиынға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысқан болатын. Сарышұнақ аязға қарамастан алаугерлердің әрқайсысы 200 метрді жүріп өтті. Алғашқы кезең «Назарбаев Университетінен» басталып, «Бәйтерек» монументіне дейін жалғасты. Екіншісі - «Бәйтерек» монументінен қайта бастау алып, оң жағалаудағы қалалық әкімдік алаңында аяқталды. Эстафетаның жалпы ұзақтығы 12 шақырымды құраған. Алауды 60 алаугер алып жүрсе, олардың арасында танымал спортшылар мен Астананың қоғам  қайраткерлері бар. Салтанатты жиында Мемлекет басшысы алдымен Универсиадаға қатысатын Қазақстан құрамасының капитаны, биатлоншы Дәулет Раxымбаевқа еліміздің Туын табыс етті. Өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев 60 жуық елді жинайтын ойынның Қазақстан үшін үлкен абырой екенін атап өтті. Тыңдап көрелік.

«Мұндай дүниежүзілік доданы еш уақытта Қазақстанда өткізіп көргеніміз жоқ. 57 елдің спортшылары келетін болады. 170 мемлекеттің сайлауымен біз ұтып алдық. Бұл біздің еліміз үшін үлкен абырой.  Қазақстанды бүкіл әлемге паш етеміз. Мыңдаған журналистер болады»,- деді Қазақстан Республикасының президенті, Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

¤Эстафета үшін Универсиада логотипі бейнеленген 140 алау дайындалған. Ол сөніп қалмас үшін арнайы құтыға салынып әкелінеді. Одан кейінгі бес күн ішінде республиканың барлық облыс орталықтары өз Алауларын жағады. Соңында алау Универсиада астанасы Алматы қаласына жеткізіледі. Эстафетаға 1 мыңға тарта алаугер қатыспақ. Жалпы, алау эстафетасы 22 500 шақырымды еңсереді деп жоспарланған. Облыстарда 60, ал Алматыда 100 адам алауды алып өтеді. Әрине, қатысушылар арнайы іріктеуде таңдалынып алынғанын атап өту керек.

Жаңа айтып өткенімдей, Алматыға бірер минуттардан соң Универсиада алауы жеткізіледі. Думанды дүрмек туралы толық ақпарды сәлден кейін қорытынды жаңалықтардың орыс тіліндегі шығарылымында әріптесім Ильзат Акчурин тәптіштеп айтып береді. Бізден ақпарат күтіңіздер. Әнуар.


Новости партнеров