Алмалы ауданының активі Елбасы жолдауын талқылады

26.01.2018 23:23

Алмалы ауданының активі Елбасы жолдауын талқылады. Өз кезегінде, аудан әкімі өткен жылы атқарылған жұмыстарды жіпке тізіп, биыл іске асатын ірі жобаларды да атады. Белгілі болғандай, ит жылында аумағы 104 шаршы метрді құрайтын қос әкімшілік ғимарат бой көтереді. Салынған инвестиция көлемі - 32 млрд теңге. Оның арқасында 200 шақты адам жұмысқа тартылады. Одан бөлек, тағы үлкен қонақ үйдің де құрылысы басталғалы отыр. Елбасы жолдауында көрсетілген басым бағыттардың бірі - тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын модернизациялау. Осы орайда былтыр 457 млн теңгеге 31 көп қабатты үй жөнделген. Демеушілердің көмегімен 36 үйдің беткі жағы ретке келтіріліп, жергілікті бюджеттен 93 аулаға кешенді жөндеу жүргізіліпті. Ал биыл 60 ауланы жөндеуге қаражат бөлінбек.

«Елбасы жолдауындағы басым бағыттарды орындау мақсатында ауданда қыруар жұмыс атқарылып жатыр. Мәселен, ескі үйлерді сүру бойынша 3 мекен-жайда дайындық жүргізілуде. Оған 41 млрд теңге инвестиция тартылды. Үйлер Төле би мен Әуезов, Гоголь мен Наурызбай батыр, Жамбыл мен Байзақов көшелерінде орналасқан. Жаңа нысандарда жер асты тұрақтар, мектепке дейінгі мекемелер, әлеуметтік нысандар қарастырылған», - деді Алматы қаласы Алмалы ауданының әкімі Жасұлан ЕСТЕНОВ.