Балқаш ауданында ұшақ апатынан аман қалған науқастың беті бері қарады. Дәрігерлер оған бірнеше рет ота жасаған. Дегенмен, жамбас сүйегі мен омыртқасы сынған ер азамат әлі 3 айдай төсек тартып жататын көрінеді. Орынғали Зікербаев жантүршігерлік оқиғаның мән-жайын өзі баяндап берді.
Өткен жұмада Балқаш маңындағы әуе апатынан аман қалған Орынғали Зікербаев қазір дәрігерлердің қатаң бақылауында. Науқасқа бірнеше ота жасалып, беті бері қараған. Әйтсе де, сол күнгі жантүршігерлік оқиға оның көз алдынан кетер емес. Орынғали Зікербаев өз көлігімен Балқаш маңындағы аралға жұмыс бабымен шығыпты. Алайда, темір тұлпары істен шыққасын, діттеген жеріне ұшақпен жетуді ұйғарған. Бұрындай әуежайынан ұшаққа отырып, көкке көтерілгеніне 10 минут өтпестен, әуе кемесі төменге құлдилаған.
«Мотор істемей қалды, көзді ашып-жұмғанша ойланатын ештеме болған жоқ, жерге жалп ете қалдық. Бір қанатымен барып түсті, сол жақ қанатымен барып. Ұшқыш отырған жақпен құлады, көп соққыны сол кісі алды», - деді науқас Орынғали ЗІКЕРБАЕВ.
Ауыр соққыдан тізгінде отырған ұшқыш тіл тартпай кеткен. Ал періштесі қағып аман қалған Орынғали ұшақтан өз бетімен шығыпты. Әуе кемесінің гүрсілін ести сала маңайға жиналған тұрғындар бірден ұшқышты сыртқа шығарып, жедел-жәрдем шақырыпты. Апат болған жерден 300 метр қашықтықта №7 аурухананың травматолог дәрігері еңбек демалысында жүрген екен. Ол дереу оқиға орнына жетіп, ауыр жарақат алған науқасқа алғашқы көмек көрсеткен.
«Бірден алғашқы көмек көрсеттім. Мен келген кезде науқас есін біліп, сөйлеп жатты. Ауруды басатын дәрі-дәрмек беріп, санитарлық авиация қызметінің келуін күттік», - деді №7 аурухананың травматолог дәрігері Виктор ДАРНИЦЫН.
Дәл осы дер кезінде көрсетілген алғашқы көмек зардап шеккен адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берген. Бұдан кейін апат болған жерге санитарлық авиацияның тікұшағы шақыртылған. Ондағы қызметкерлер науқасты 1,5 сағат ішінде Алматыдағы №7 ауруханаға алып келіп, дәрігерлердің қолына тапсырған. Ақ халаттылар Орынғалиға Зикирбаевқа шұғыл ота жасапты.
«Ол жабық бас сүйек ми жарақатын алған. Жеткізілгенде жағдайы өте ауыр болды. Жамбас сүйектері мен омыртқасы сынған. Қазір науқастың беті бері қарады. 3 айға дейін оған төсектен тұруға болмайды. Бұл оны толық оңалту үшін қажет. Болашақта науқас өз бетімен жүріп, тұра алады», - деді №7 аурухананың бас дәрігері Марат АБДУЛЛАЕВ.
Дәрігерлердің айтуынша, науқастың жағдайы қанағаттанарлық. Ол ауруханада әлі 1 айға жуық жатып, ем қабылдайды. Ақ халаттылар осы уақыт аралығында әуе апатынан аман қалған азаматты аяғынан тік тұрғызуды көздеп отыр. Ал азаматтық авиация комитеті екі адамдық ұшақтың не себепті құлағанын әлі де тергеп, тексеріп жатыр.
Айдана Мейрамбайқызы, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы