Қазақстанда қасиетті жерлердің картасы әлі жасалып жатыр. Аталмыш атласқа Алматының бес бірдей орны кірген. Олардың әрқайсысы өзінше тарихи мәнге ие. Құнды әрі киелі орын саналатын жерлерді «Қасиетті Қазақстан» орталығы іріктеген. Жоба «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы бойынша іске асырылып жатыр.
Қазақстан қасиетті жерлерінің картасына Алматыдан 5 орын кірген. Атласқа Райымбек батыр кесенесі, Тәуелсіздік монументі мен Тәуелсіздік таңы, Ахмет Байтұрсынов музейі, Вознисен шіркеуі және Боралдай сақ қорғаны сынды киелі жерлер енді. Тарихшылардың сөзінше, аталған орындардың әр қайсысы тарихи құнды орындар. Соның бірі - Боралдай сақ қорғаны. Мұндағы қорғандар әлі күнге дейін қазылмай, қаз-қалпында сақталып келеді.
2600 жылдан астам тарихы бар Боралдай сақ қорғанының аумағы ат шаптырым жер. Ұзындығы 3 шақырым болса, ал ені 800 метрге дейін жетеді. Археологиялық жерде 47 сақ қорғаны мен 200-ден астам үйсін қорғандары орналасқан. Олардың биіктігі 14 метр.
Сақ, үйсін кезеңінде мәйітті жерлейтін жерді іздейтін арнайы адамдар болған. Олар зираттың қос қапталынан өзен өтетін орынды таңдаған - дейді археолог. Өйткені, сол кездегі адамдардың түсінігі бойынша мазарлар орналасқан жер Құдаймен байланыс орнататын орын болып саналған.
Бұл жерде қорғандар ғана емес, кішігірім қоныстар да болған, дейді тарихшылар. Олар биосканерлеудің көмегімен ғимараттың болғанын анықтапты. Адамдар мұнда б.з.д. ІІІ-ІІ ғғ. келіп қоныстана бастаған. Аталған аймақтан аттың тісі, тастан жасалған еңбек құралдар табылды.
Білетіндердің сөзінше, қорғанның «Боралдай» аталуының өзі моңғолдардан қалған. Қорғанда адамдар әртүрлі жерленген. Яғни, әр кезеңнің хандары немесе лауазымды адамдары жатқан болуы мүмкін, дейді археолог.
«Негізінде мына өзіміз де аралап, қорғандарды немен салынғанын білдік. Мысалы, сақ кезеңінде ссолтүстік-оңтүстік бағытымен салынған. Үйсін кезеңінде солтүстік-шығыс, оңтүстік-батыс деген бағытта салған. Олардың барлығы сол заманнан келе жатқаннан кейін жерлей берген. Зерттеу жұмысы барысында сақ кезеңінен басқа, мысалы, түрік кезеніне, әйтпесе орта ғасырлық кезенінің зираттары шықса, біз оған таңқалмаймыз. Өйткені ол бұрыннан келе жатқан киелі жер болғаннан кейін, осы күнге дейін сақталғаннан кейін біз енді оны ары қарай сақтап, жалғастырып, осындай территорияның барлығы сакралды етіп істеуге біздің уақыт келді», - деді археолог Руслан ШЕРБАЕВ.
Қазақстанның қасиетті жерлерінің атласын жасаудағы басты мақсат - еліміздің тарихи құнды жерлерін қорғау, оларды келер ұрпаққа қаз-қалпында жеткізу болса керек. Сондықтан аталмыш жоба, Республикалық деңгейде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жүзеге асып жатыр. Киелі жерлердің географилық картасы еліміздің барлық аумағында жасалуда.
Өмір Әнуарбек, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы