Италия ІІМ Генуя қаласындағы автомобиль көпірі құлағаннан кейін 31 адам қаза тапқанын растады. Бұл туралы сәрсенбіге қараған түнде Rainews24 телеарнасы хабарлады, деп жазады Baq.kz.
Бұған дейін 26 адам қайтыс болып, 15 адам зардап шеккені туралы хабарланған.
Генуядағы апат
Қаланың екі бөлігін өзен арқылы қосатын көпір сейсенбі күні күндіз құлады. Ол 1960 жылдары салынған. Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, бұл көпір соңғы рет 2016 жылы жөндеуден өткен. Оқиға орнынан түсірілген суреттерге қарағанда, көпір дәл ортасынан 200 метрге жуық ұзындықта құлаған. Сонымен қатар, аймақта ауа райы тұрақсыз болып тұр.
Италия премьер-министрі Джузеппе Конте көпірдің құлауы орны толмас қайғы екенін айтты.
«Бұл трагедия барлығымызды біріктіреді және көпірге жауапты барлық тұлғадан жеке-жеке жауап алынады. Ертең министрлер осы жерге жиналады және инфрақұрылымдарды қадағалауды қауіпсіз ету жоспарын әзірлейміз», – деді саясаткер.
Көпір құлауының себебі
Италия Транспорт және инфрақұрылым министрі Данило Тонинеллидің айтуынша, көпір дұрыс қызмет көрсетілмегеннен құлаған. Ал тергеушілер қатты соққан найзағай мен тоқтаусыз жаңбыр көпірді құлатты дегенді алға тартты. Сонымен қатар, билік өкілдері мұны теракт емес деп жариялады.