Талғар ауданында араққа сылқия тойған ер азамат досын пышақтап өлтірді. Ал қылмысын жасыру үшін мәйітті өзенге ағызып жіберген. Жаға ұстатар жәйт 2 қарашада болған. Сол күні жергілікті тұрғындар өзен бойында мәйіт жатқанын көріп, дабыл қаққан. Оқиға орнына жеткен сақшылар дереу тексеріс шараларын жүргізіп, жәбірленушінің тұлғасын анықтайды. Сараптама азаматтың 7 жерден сұғылған пышақтан қансырап өлгенін көрсеткен. Полицейлер көп ұзамай күдіктіні қолға түсіріпті.
«Көп ұзамай, 3 күн аралығында осы қылмысқа күдікті Туралыков деген азамат қолға түсіп, жасаған қылмысын толық мойындап, оқиға болған жерді өз еркімен көрсетіп берді. Күдікті Туралыков өзінің жәбірленуші екеуінің арасында спирттік ішімдік ішуінің нәтижесінде аяқ-асты туындаған сөз келіспеушінігінің салдарынан жанжал шығып, жанжал аяғы төбелеске ұласқан», - деді Алматы облысы Талғар ауданы ІІБ басшысының орынбасары Дәулет СЫДЫҚБЕКОВ.
Төбелес арты, жаға ұстатар жәйтпен аяқталып тынады. Екі достың арасында туған дау адам шошырлық өліммен бітті. Алайда, күдікті өзін қорғану үшін қолын қанға бояғанын айтады. Қазір 39 жастағы ер азаматтың үстінен «Адамды қасақана өлтіру» дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Айта кетсек, әлгі қаскөй бұрын да бұзақылығы үшін істі болған екен.