Ақтөбеде мүгедек зейнеткер өртенген үйде жан бағуға мәжбүр

Ақтөбеде мүгедек зейнеткер өртенген үйде жан бағуға мәжбүр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақтөбеде 2-ші топтағы мүгедек зейнеткер қыс ортасында әрең жан бағып отыр.  Өткен жылдың жаз мезгілінде көрші пәтерде болған өрт Светлана Пластининаның үйін де зақымдаған. Тілсіз жаудың кесірінен баспананың шатыры мен қабырғалары бүлінген. Жалғызбасты қарияға қалалық тұрғын үй инспекциясы үйді демеушілердің көмегімен жөндеп беретінін айтқан. Алайда осы уақытқа дейін ешқандай жұмыс жасалмапты.

Светлана Пластинина қақаған қыста суық үйде жан бағуға мәжбүр. Жалғызбасты қария қазір шатырсыз үйде тұрып жатыр. Баспанасын жылыту үшін көгілдір отынды күндіз-түні өшірмейді. Ол жұмыс істемей қалса болды, қабырғадан су сорғалай бастайды, дейді кейуана. Үйіндегі жиһазы да дымқыл тартып кеткен.

«Трансэнергодан» адамдар екі рет келді. Жылу құбырларын қарап, өлшемдер алып кетті. Қайта оралмады. Қалалық әкімдіктен де өкілдер 2 рет келді. Шатырды жөндеп беруге уәде берді. Күтіп отырмын. Уәделерінде тұратын шығар», - деді Светлана ПЛАСТИНИНА.

2-ші топ мүгедегі үшін ары-бері қозғалу да қиын. Ауруханаға жиі түсетін қарттың өз күшімен жөндеу жұмыстарын жүргізуге шамасы жетпейді. Жалғызбасты әжей қайырымды жандардан көмек күтеді. Жағдайдан жергілікті билік хабардар. Пәтерді жөндеуге кететін қаржыны да есептеп қойыпты. Бірақ қыс мезгілінде жөндеу жұмысын жүргізуге ешкім кірісе қоймайды, дейді Қалалық тұрғын үй инспекциясының басшысы.

«Светлана Пластининаның тек шатыры ғана емес, қабырғасын да қалпына келтіру керек. Қыста жөндеу жұмысын жүргізу қиын. Оның үстіне көрші пәтерде ешкім тұрып жатқан жоқ. Бос тұр. Оның терезесі де, есігі де жоқ. Қазір сметалық жобасын жасадық. Болжам бойынша 1,5 миллион теңге қажет», - деді  Ақтөбе қаласы Тұрғын үй инспекциясының басшысы Хайдар ЕРМАШЕВ.

Көрші пәтерде өрт өткен жылы жазда болған. Төтенше жағдай болған уақытқа дейін де Светлана Пластинина пәтерге нашақор, қаңғыбастарды жинайтын көршісінен көресіні әбден көрген. Жанып кеткен үйге қатысты шешім қабылдау үшін қожайынын табу қажет екен. Енді зейнеткерге тиісті шаруа жасалмайынша осындай үйде тұруға тура келеді.

Перизат Көмекбайқызы, "Алматы" телеарнасы


Новости партнеров