Оғыз Доған «Эйр Астананы» сотта жеңіп шықты

25.12.2017 22:27

Биыл жұрт назарын аударған тағы бір процесс шегіне жетті. «Эйр Астана» бортсеріктерінің тұтынушыға қазақ тілінде қызмет көрсетпеуі заңсыз. Түрксіб аудандық соты ұлттық әуе компаниясы мен түрік азаматы Оғыз Доған арасындағы дауды осылай тәмамдады. Сөйтіп сот ұйғарымы - шағымданған тараптың пайдасына шешілді. Енді ұшақ жолсеріктері мемлекеттік тілді еркін меңгеруге міндеттелмек және ұлттық тасымалдаушы шағымданған жолаушыға оның өзі талап еткен моральдық шығын - 1 теңге төлейді.

Төрт айға созылған дау шарықтау шегіне жетіп, сот бұл жолы істің тоқетер шешімін шығарды. Тіл тағдырына алаңдаған азаматтардың саны бұрынғыдан еселене түсіп, залға сыймай, тіпті сыртта күткендер көп болды. Сотта тараптар сөз жарыстырып, өз дәлелдерін келтірді. Түркия азаматы Оғыз Доғанның мүддесін қорғаған адвокат, өткен тыңдалымды еске алып, куә ретінде жауап берген бортсеріктер қазақ тілін еркін меңгергендерін ақыры дәлелдей алмады деді.

«Басында қазақ тілінде жауап береміз», - деді. Алайда, менің қойған сұрақтарыма жауап бере алмай, тіпті менің сұрақтарымның мән-мағынасын түсіне алмай олар жауаптарын орыс тілінде өзгертуге мәжбүр болды. Бұл нені білдіреді. Бұл ол азаматтардың шын мәнінде қандай да болмасын қазақ тілін меңгермегендігін, қазақ тілін білмейтіндігін және қазақ тілінде қандай деңгейде екендіктерңін өздері көрсетіп алды», - деді Оғыз Доғанның адвокаты Абзал Құспан.

Қорғаушының дәлелдемелерін жоққа шығарған «Эйр Астана» өкілі жолсеріктер қазақ тілін тиісті деңгейде біледі деген ұстанымынан таймады. 

«Бортсерік Екатерина болса өзінің талабына сай кәсіби түрде қазақ тілінде сөйлейді. Жолаушыларға керек мәліметтерді түсіндіре алады. Оның сол кездегі негізгі мақсаты бортсерік қызды ұлтына, тіліне байланысты кемсіту болған деп ойлаймыз», - деді  «AIR Astana» ҰӘК АҚ адвокаты Гаухар СӘЛІМБАЕВА.

«Бұл жерде сотқа қатысы жоқ, іске қатысы жоқ, енді мені кінәлауға бағытталған ұлтаралық араздық туғызғысы келді деген сөздерді араластырғанның өзі мен ұят деп ойлаймын. Қазақ тілінде қызмет алғым келді дедім. Ертең Түркияда, батыс елдерінде Қазақстанның ұлттық компаниясы 26 жыл өтсе де әлі ешнәрсе өзгермеген екен деп айтып жүрсе менің жүрегім ауырады», - деді талапкер Оғыз ДОҒАН.

Тараптардың пікірін тыңдаған төреші 15 минуттық үзіліс жариялап, азаматтық істі қорытындылады. Сөйтіп, сот шешімімен «Эйр Астана» жолсеріктерінің мемлекеттік тілде қызмет көрсетпегені заңсыз деп табылды.

«Талапкер Оғыз Доған жауапкер «Эйр Астана» акционерлік қоғамына, әуе компаниясына тиесілі бортсеріктерінің қазақ тілінде қызмет көрсетпеу әрекетін заңсыз деп тануды, «Эйр Астана» әуе компаниясының өзіне тиесілі кабина экипажының мүшелерін жолаушыларға қызмет көрсетуде қазақ тілін еркін меңгеруге міндеттеуді жауапкер «Эйр Астана» әуе компаниясынан моральдық залал ретінде 1 теңге өндіру туралы талап арыз ішінара қанағаттандырылсын», - деді Алматы қаласы Түрксіб аудандық сотының судьясы Айгүл ТҰРСАҒҰЛОВА.

Осылайша, қоғамда тіл жанашырларының дегбірін қашырған сот отырысы ақыры Оғыз Доғанның пайдасына шешілді. Тараптар шешіммен келіспеген жағдайда бір ай ішінде қайта шағым түсіруге құқылы.  Естеріңізге салсақ, осы жылдың тамыз айында Астана-Алматы бағытында ұшқан түрік азаматы Оғыз Доған бортсеріктерден қазақ тілінде қызмет алуды талап еткен еді. Енді оның бұл әрекеті заңды деп танылды. Тіл теңгемен өлшенбейді деген ол қарсыласынан моральдық шығын ретінде жүз тиын сұраған. Оның мұндай талабы да сот ұйғарымымен орындалатын болды.

Назкен Байтілес, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы