Алматының коммуналшылары арықтарды тазарту жұмыстарына қызу кірісті

Алматының коммуналшылары арықтарды тазарту жұмыстарына қызу кірісті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысында 200-ге жуық үйдің ауласын су басып қалды. Тосын жағдайға күннің күрт жылынып, қардың еруі себеп болған. Оның үстіне арықтар бітеліп қалған. Ал кей жерлерде суағарлар мүлдем жоқ. Қазір төтенше жағдай Алматы іргесіндегі Қарасай, Талғар, Іле, Еңбекшіқазақ және Жамбыл аудандарында тіркелген. Аталмыш аймақтарда жұрт толарсақтан су кешіп, өздігімен көшеге шығудан қалған. Ал қызыл су үй іргелерін сөге бастапты. Десе де, облыстық Төтенше жағдайлар қызметі тасқынның алдын алу шаралары жоспарға сай жасалып жатқанын жеткізді. Тіпті, арнайы жедел штаб құрыпты.

«Ақпанның 25-і күні су басуды жоюға жергілікті атқарушы органдардан 86 адам, ТЖД-нен 81 адам жұмылдырылды. Ол жерде 48 бірлік техника және 9 мотопомпа қолданылды. 25 ақпаннан бастап Алматы облысының ТЖД барлық гарнизоны күшейтілген режимге көшті. Жедел штаб құрылған, сол штабтың құрамынан 17 адам жоғарыда аталған аудандарға су тасу салдарын жою үшін жіберілді», - деді Алматы облысы ТЖД ресми өкілі Азамат ЖҰРТБАЕВ.

Осы ретте төтеншеліктер тұрғындарға өз аумақтарындағы арықтарды күл-қоқыстан тазартуын сұрап отыр. Өйткені, су басып қалу қаупі әсіресе қатқыл-қалдыққа қақалған арықтардан туындайды екен. Қазір Алматының коммуналшылары арықтарды тазарту жұмыстарына қызу кірісті. Олар 2 апта ішінде 935 шақырым арық жүйесін қоқыстан аршымақ. Қазір соның 150 шақырымын тазалап үлгеріпті. Жұмысшылар алдағы күндері жауын-шашын боларын ескеріп, тазалық жұмыстарын тәулік бойы жүргізіп жатыр. Айта кетсек, Алматының Төтенше жағдайлар департаменті алдағы күндері қала өзендерінде су тасу қатері барын ескертіп отыр.

«Қалада талапқа сай әр 50 метр сайын қоқыс жәшіктерін орнаттық. Аудан әкімдіктерінің сұрауынша жыл сайын бұл жұмысты жалғастырып келеміз. Бірақ тұрғындар қолдарындағы қоқысты көрінген жерге әсіресе арықтарға лақтырып кетеді. Салдарынан арықтар мен суағарлар бітеліп, су арнасына сыймай жан-жаққа жайылады», - деді Алматы қаласы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының маманы Александр СЕРГЕЕВ.


Новости партнеров