Онколог мамандар онкологиялық орталықтар таралып кетеді деп абыржулы

Онколог мамандар онкологиялық орталықтар таралып кетеді деп абыржулы
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Онколог мамандар онкологиялық орталықтар таралып кетеді деп абыржулы. Дәрігерлердің сөзінше, Денсаулық сақтау министрлігі еліміздегі онкологиялық диспансерлерді көпсалалы емханаларға үлестіруге арналған жаңа жоба ұсынған. Алайда дәрігерлер бір шешімге келмес бұрын, жан-жақты мұқият елеп-екшеу керек екенін айтуда. Бұдан бөлек, қалалық онкология орталығы қырғыз елінен келген әріптестеріне арнайы дәріс ұйымдастырыпты.


¤Еліміздің медицинасы шетелдік тәжірибеге сүйеніп, қарыштап дамып келеді. Енді мұндай жаңашылдық онкология саласына да енетінге ұқсайды. Осыған орай Денсаулық сақтау министрлігі елдегі онкодиспансерлерді көпсалалы мекемелерге шоғырландыруды қолға алған екен. Мұндай тәжірибе шетел медицинасында кеңінен таралған. Алайда отандық онкологтар 70 жылдай тарихы бар саланы таратудың жөні жоқ екенін алға тартады. Маман тапшылығы өз алдына, халық арасында асқынып кеткен сырқаттар дер кезінде емделмей қалады деген пікірде. Оның үстіне, күрделі оталар қара халықтың қалтасын қағып түсіреді, дейді.


«Онкодиспансерлерді жалпы емдеу мекемелерімен біріктіріп, сонымен емдеу көрсетіледі деген Денсаулық сақтау министрлігінің бағдарламасы бар. Енді онкологтар бұған қарсы. Өте күрделі операциялар жасалынады, бірнеше ағзаға жасалынады. Ол ісік өскеннен кейін оның лимфа түйіндерін алып тастайды. Бұл оталар мына жалпы ауруханалардың оталарымен салыстыруға келе қоймайды. Үшіншіден, дәрежесі жеткен мамандарды таратып жіберсек, былай айтқанда, олар жеке секторға кетіп қалады», - деді онкология орталығының бас дәрігері Дамир ДӘУЛЕТБАЕВ.


¤Дегенмен онкологиялық орталық мамандары соңғы үлгідегі күрделі оталарды игеріп үлгерген. Бүгінде онкологиялық хирургия саласы дене мүшесіне зақым келтірмей аурудан айықтырудың инновациялық механизмін енгізді. Тіпті мұндай тәжірибені үйрену үшін Қырғыз елінен бір топ маммолог дәрігерлер келіпті. Олар отандық онкологтармен бірігіп, сүт безі қатерлі ісігін сәулелі терапия арқылы және денеге зақым келтірмей емдеу сияқты күрделі оталарды жасады.


«Біз отаға тікелей қатысып, қалай жасалатынын көріп жатырмыз. Не дегенмен, Қазақстанда онкология саласы едәуір алда келеді. Әсіресе, сүт безі ісігін реконструктивті хирургия арқылы емдеу сияқты күрделі оталарды айтуға болады. Бізде Қырғызстанда түрлі операциялар жасалады. Бірақ қазақ елінің дәрігерлерінен алар тәжірибе мол. Мұнда жоғары технологиядағы ота жасауға мүмкіндік бар», - деді Бішкек қаласы ұлттық онкология және гемотология орталығының онкомаммологы Чолпон ДООЛОТАЛИЕВА.


¤Ақ халаттылар аталмыш операциялар ТМД елдері арасында тек біздің елде жасалады, дейді. Жыл басынан бері маммологияда заманауи құрылғылардың көмегімен 50-ден астам ота жасалыпты. Бұл операциялар сырқаттың бастапқы деңгейлерінде жүзеге асады. Ал ауруы асқынған науқастарға химиятерапия жиі қолданылады екен.


«Қырғыз елінен келген әріптестерімізге онкологиядағы соңғы ота жасау технологиясынан тәжірибелік жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Мамандарға дене мүшесін сақтай отырып, енді жайлай бастаған обырды алып тастау операциясын көрсеттік. Яғни бұл ота зақымданған сүт безін алып тастап, орнына арнайы имплант орнатып, кеудені толық сақтап қалуға мүмкіндік береді. Мұндай операция ТМД елдері арасында тек бізде ғана жасалады», - деді  онкология орталығы бас дәрігерінің орынбасары, маммолог Берік ҚАЙБУЛЛАЕВ.


¤Бүгінде қалалық онкоорталықта тіркелген 22 мыңнан астам азамат бар. Ал сүт безі қатерлі ісігі қазір бірінші орында келеді екен. Дәрігерлер жыл сайын кеуде ісігіне 4000-ға жуық әйел шалдығатынын айтады. Өкінішке орай, оның мың жарымдайы ауруы асқынып, көз жұматын көрінеді. Сондай-ақ мамандар бұл сырқаттың жасарып келе жатқанын алға тартты.


Назкен Байтілес, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров