Алматыда биыл ғана жұмысын бастаған «Open Almaty» жобасы халықаралық тәжірибе байқауында жүлделі орынды иеленді. Жарыс ТМД мен Еуразиялық экономикалық одақ қалалары арасында өткен. Қаперде болса, бұл портал жергілікті органдардың ашықтығын қамтамасыз етіп, халыққа түрлі жағдайда дереу көмек беру үшін ашылған. Конкурстық комиссияның қарауына 20 тәжірибе түсіпті. Байқаудың басты талабы: cапа мен нәтиже. Айта кетейік, «Open Almaty» жобасымен қатар Қазан қаласының «Ашық мәліметтер», Санкт-Петербургтың инвесторларға арналған «Бірыңғай терезе», Дондағы Ростов қаласының электронды экскурсовод жобалары жүлдеге ие болды.