Алматыда құрылыс саласында дамыған елдердің тәжірибесі қолданылады

21.04.2017 16:35

Алматыда құрылыс саласында дамыған елдердің тәжірибесі қолданылады. Сала мамандары әсіресе ғимараттардың сейсмикалық қауіпсіздігі мен жайлылығына баса мән беруі тиіс. Бұған қоса, салынатын нысандар заманауи үлгіде бой көтеруі қажет. Бұл туралы қала әкімі Бауыржан Байбек Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтында өткен кездесуде айтты. 85 жылдық тарихы бар аталмыш Институт маңызды ғимараттар мен тұрғын үйлердің жобасын жасаумен айналысады. Әрі ғимараттарды сейсмикалық күшейту де мұндағы мамандардың құзыретіне кіреді. Қазақстан дамыған 30 елдің қатарына кіруі үшін алдыңғы қатарлы мемлекеттердің тәжірибесіне сүйенеді. Сондықтан шаһар басшысы жиында Токионы мысалға алды. Бұл қала да Алматы сынды сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан. Дегенмен, Жапония астанасы өзінің сәулетімен ғана емес, беріктігімен де үлгі. Қала әкімі бірқатар көш бастаған қалалардың сәулетін үлгі етіп, Алматыға тәжірибесін алуды, әрі қауіпсіздікке мән беруді айтты.



Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтындағы мамандар қазіргі кезде бірқатар заманауи жобалау үлгілерімен жұмыс жасап жатқан көрінеді. Мәселен, 3Д технологиясын қолданып, ғимараттардың құрылысы басталмай тұрып ақауын анықтауға болады. Дегенмен, мамандар бүгінде құрылыс саласында қабылданған нормативтік базалар ескіргенін алға тартты. Қазіргі таңда ғимараттар ескі жобалар бойынша салынатындықтан, алдағы уақытта Еурокод нормативтік базасы бойынша тұрғызылуы мүмкін.


«Еурокод - бұл нормативтік база. Ол ғимараттың каркасынан бастап, түгелдей нығайтуға бағытталған. Еурокодты қолданғанда ғимараттың беріктігі артады. Мысалы, бізде қазіргі бекітілген нормативтік база бойынша жобалау кезінде ғимаратқа екі арматура қажет болса, еурокод оның төртеуін талап етеді. Демек, қауіпсіздік нығаяды. Алматыда бұл норма бойынша ғимараттар салсақ, бірқатар мәселелерді шешуге болады», - деді «ҚазҚСҒЗИ» АҚ директоры Нұрлан ҰРАНХАЕВ.


«Бүгінгі жиын барысында арнайы жұмыс тобы құрылатыны туралы шешім қабылданды. Топ, құрылыс саласындағы құжат мәселесін шешуге, заңдық тұрғыдан жұмысты жеңілдету жолында жұмыс атқарады. Ғимарттарды салу кезінде бюджетті оңтайландыру, қауіпсіздігін күшейту үшін атқарылатын жұмыстарды да қарастырамыз», - деді қалалық мәслихат депутаты Әміржан НӘБИЕВ.



Теги: застройка