Абылай хан резиденциясына – 10 жыл.
Петропавл қаласындағы тарихи ғимарат сакралды нысандар тізіміне енген. «Абылайдың ақ үйі» деп аталған орында хан қолданған заттардың көшірмелері қойылған әрі Абылай өмірі мен тарихы жайлы кеңінен мағлұмат бар.
Ресей империясы Абылайханға арнап бір қабатты, төрт бөлмелі ағаш үй салып береді. Бірақ ол кейіннен өртеніп кетеді. 1824 жылы дәл сол ағаш үйдің орнына салынған әскери лазарет 1990 жылдары қаңырап бос қалады. Сөйтіп, 2005 жылы қайта жөндеуден өткізілген Абылайхан резиденциясы 2008 жылы ашылған.
«Абылайхан резиденциясы» мұражай кешені төрт экспозициялық залдан тұрады. Біріншісі, ханның өмір сүрген жылдарымен хандық құрған кезеңдерін қамтиды. Ал тынығу бөлмесі сол замандағы мәдени-өркениетті көрсетеді. Үшіншісі, тақ залы. Соңғысынан мемлекеттік қайраткердің өмірімен танысуға болады. Қазір мұражай кешеніне келушілердің көбі мектеп оқушылары мен шетелдік қонақтар екен.
«Алдарыңызда Абылайдың мөр жүзігі көрсетілген. Ортасында арабша «Абылай» деген жазу бар. Бұл мөр жүзігі Абылайдың көбінесе саясатында, хаттарында қолданылған. Ресми хаттарды осы жүзік арқылы бекіткен», – деді «Абылай хан резиденциясы» мұражай кешенінің экскурсия жүргізушісі Айтолқын ҚАЛЕЛОВА.
«Абылайдың ақ үйі» – Петропавл қаласындағы тарихи ескерткіш. Резиденция бұл өңірде ашылмай тұрып-ақ жіті зерттеу жұмыстарын жүргізген ғалымдар Ресей үкіметінің мұрағатынан Абылайға арнап салынған үй екенін дәлелдейтін тарихи құжаттар тапқан. Сөйтіп, «Мәдени мұра» бағдарламасы арқылы қаңырап қалған ғимаратқа қайта жөндеу жұмыстары жасалған.
«Абылайға үйді салып бергенімен, оның өзі бұл жерге келмеген екен. Өйткені Ресейдің көздеген мақсаты Абылайға үйді салып беріп, ант қабылдату керек болған, үш жүзіңмен, қазақ халқыңмен бірге біздің бодандығымызды мойында деген. Бірақ Абылай хан сұңғыла саясаткерлігінің арқасында оны мойындамаған», – деді «Абылай хан резиденциясы» мұражай кешені директорының орынбасары Әсемгүл ҚЫДЫРБЕКОВА.
Солтүстік Қазақстанда 19 нысан киері жерлер тізіміне енгізілген. Оның алтауы республикалық реестрге тіркелсе, қалғаны облысқа тиесілі. Ал өңірдегі ерекше назарға алынып отырған нысан – жылқы малы алғаш үйретілген Ботай қонысы.
«Біздің облысымызда киелі жерлерде насихаттау жұмысы белсенді жүргізіліп жатыр. Облыс бойынша 599 ескерткіш тіркелген. Оның алтауы республикалық деңгейдегі ескерткіштер құрамына енді. Сонымен қатар, биыл Қожаберген батырға арналған ескерткіш те ашылмақ», – деді Солтүстік Қазақстан облысы «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің басшысы Жанар ТАЛАСБАЕВА.
Аймақта киелі жерлерді түгендеу шаруасы аяқталған жоқ. Ғалымдар мен республикалық комиссия өкілдері әлі де зерттеу жұмыстарын жасап жатыр. Ал сакралды нысандарға туристерді тарту үшін баратын жол мен өзге шаруалар қазірден бастап қолға алынған.
Үмбетәлі Меймеш, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы, Солтүстік Қазақстан облысы