Бес күн бұрын тауда жоғалған бала әлі табылмады

Бес күн бұрын тауда жоғалған бала әлі табылмады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысында жоғалған жеті жасар жеткіншек әлі табылмады.

5 күннен бері іздестіріліп жатқан баланың жақындары жүргізіліп жатқан шұғыл-іздестіру шараларына қанағаттанбайды. Олар Ернұр Сәдуақасты табуға қосылған кинологтар тобы небәрі екеу-ақ деп наразылық білдіруде. Бұл жағдайды облыстың ішкі істер департаменті былай деп түсіндірді  

«Алғашқы күндері иттермен жүргізілген іздестіру шаралары нәтиже бермеді. Өйткені, қатты жауын болды. Оған қоса айналаның барлығы химиялық препаратпен залалсыздандырып тастаған. Бұл өз кезегінде иттерге баланы иісі арқылы табуға кедергі келтіруде. Қазір енді барлық жақын ауылдар толықтай тексеріліп жатыр», – деді Алматы облысы ІІД баспасөз жетекшісі Сергей НЕЗНАЕВ.

Шұғыл-іздестіру шарасына облыстық ішкі істер департаментінің 40-қа жуық қызметкері жұмылдырылған. Олардың қатарына төтеншеліктер мен әскери қызметкерлер, құтқарушы топ та қосылған.

Естеріңізге салсақ, 7 жасар Ернұр Сәдуақас 14-ші шілде күні кешкі сағат 7-лер шамасында жоғалған. Дәл сол күні 5 баладан құралған топ Алматы облысы Ынтымақ ауылының маңайындағы жайлауға шыққан. Алайда, араққа сылқия тойып алған бейтаныс азамат балалардың киіз үйде түстеніп отырған жеріне қолына пышақ ұстап кіріп, қорқытқан көрінеді. Қатты үрейленген жеті жастағы бала зәре-құты қашып, беті ауған жаққа қарай жүгіре жөнелген. Содан бері, Алматыдан ауылға жазғы демалыс уақытын өткізуге барған баланы табу мүмкін болмай жатыр.  

Әйкерім Ердәулетқызы, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров