Алматыда жарыс кезінде велошабандоз қаза тапты

01.07.2017 14:58

Елімізідің велоспорты үмітін арқалаған 17 жастағы белгілі спортшы көз жұмды. Велошабандоз Дана Ахметова кезекті жарыста ыстық өтіп қаза тапқан. Марқұм халықаралық додалардың жеңімпазы және Олимпиадаға дайындық орталығының тізімінде болған еді. Денсаулығы сыр берген жеткіншек неге аптап ыстықта жарысқа қатысуға рұқсат алған? Әріптесім Нұрсұлтан Біләл жалғастырады.

Орны толмас қайғылы оқиға бір апта бұрын жастар арасындағы спорттық ойындар трассасында болған. 30 градус ыстықта қатысушылар 24 шақырым қашықтықты бағындырулары тиіс еді. Бірақ, талай мәрені бірінші болып бағындыратын Дана Ахметова сол күні орта жолда дистанциядан ауытқып, есінен танып қалған. Шұғыл ауруханаға жеткізілген оның жағдайын ақ халаттылар өте ауыр деп бағалаған. Сол кезде дәрігерлер ыстық өткен деп қыз балаға диагноз қойған. Бірақ, бірқатар анализ қорытындысы мамандарды таңқалдырған көрінеді.

«Белгілі болғандай қыз баланың бауыры зақымданған яғни уытты гепотит анықталды. Бізге түскен кезде бүйрек жұмысының жетіспеушілігі де болған. Бауыр мен бүйректің зақымдануынан басқа да ағзаларға әсер еткен. Спортшының жағдайы прогрессивті түрде төмендеп ол 28 күні көз жұмды»,- деді №7 қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігері, Марат АБДУЛЛАЕВ.

6 күн бойы Дана аурухананың төрт қабырғасында ес-түссіз жатып жан тапсырды.

«Қызымның денсаулығы жақсы болатын, ол еліміздің құрамасында еді. Жаттықтырушысы ол әлем чемпионы болады дейтін, Өкінішке орай, оған жеткен жоқ. Соңғы уақытта қызым әке бетіннен сүйейінші, құшақташы деп жиі айтатын»,- деді Дана Ахметованың әкесі, Жанболат АХМЕТОВ.

Дана Ахметова Солтүстік Қазақстандағы облыстық мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектепте білім алған. Ол Қазақстан Республикасының спорт шебері атағын 17 жасында иемденген. 2016 жылы Дана Олимпиадаға дайындық орталығының тізіміне енген болатын.  Ал велосипед спорты федерациясы марқұмның жанұясына қажетті көмек беретіндерін жеткізді.

"Осы жолы да бәрі регламентке сай болды. Жарыста күн сайын дәрігерлер бригадасымен жедел жәрдем қызметінің екі көлігі кезекшілік етті. Спорт дәрігерлеріне күмәнмен қарай алмаймыз. Дегенмен, федерация талантты спортшының қазасына не себеп болғанын анықтап, келесіде мұндай трагедияның қайталанбауын қалайды»,- деді Велосипед спорты федерациясының бас хатшысы, Тұлпар МАНСҰРОВ.

Дәрігерлерге кінә артуды Жанболат Ахметовте ойламаған. 17 жасар велошабандоздың туғандары құзырлы органдарға арызданбаймыз дейді. Олардың қазіргі ойы тек спортшының мүрдесін кіндік қаны тамған туған жері Петропавлға жеткізу.  

Нұрсұлтан Біләл, Рашит Ильясов, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы