Отандық кәсіпкерлердің айыппұл берешегі 2 млрд теңгеге жуықтайды

28.02.2018 06:41

Отандық кәсіпкерлер қарызға белшесінен батты. Олардың айыппұл берешегі 2 млрд теңгеге жуықтайды. Бұл туралы антимонополиялық комитет мәлімдеді. Құзырлы орын өкілдері өткен жылы 200-ге жуық тексеріс ұйымдастырған екен. Нәтижесінде, тауарлар мен қызметтер бағасын заңсыз шарықтатқан 180 кәсіпкерді қолға түсірген. Оларға айыппұл салынып, істері сотқа жолданды.

«Осы күні 590 млн теңге мемлекет қазынасына қайтарылды. Қалғандарының ісі сотта қаралып жатыр. Әкімшілік жауапкершілікке тартылғандардың көбі - ірі кәсіппен айналысатындар. 2016 жылы бизнесмендерге салынған айыппұл көлемі 1 млрд 300 млн теңге болса, өткен жылы олардың берешегі 2 млрд-қа жуықтады», - деді  ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу, тұтынушылар құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Азамат МАЙТИЕВ.