Тағы да пара алған шенділердің қолына кісең тағылды. Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Фармация, фармацевтика және медицина өнеркәсібі комитетінің бірқатар лауазымды қызметкерлерінің қылмысы әшкере болды. Оларға жүйелі түрде пара алып, кей компаниялардың мүддесін заңсыз қорғаған деп айып тағылып отыр. Нақтырақ айтсақ, комитет төрағасының міндетін атқарушы Лариса Пак, Павлодар облысының фармация департаментінің басшысы Зәуре Қажинова, фармация комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша бас маманы Полат Имамходжаев пен бас сарапшысы Дәниля Ибраева жалпы сомасы 10 млн теңгеден астам қаржыны қалталарына басқан көрінеді. Тергеу материалдарына жүгінсек аталған күдіктілер тегін медициналық көмек бағдарламасы бойынша сатып алынған дәрі-дәрмектердің бағасын әдейі көтермелеп көрсетіп, бюджет қаржысын жымқырған. Сондай-ақ, Тиісті өндірістік тәжірибе сертификаттарын табыстау арқылы заңсыз сыйақылар да алып келген. Айта кету керек, пара берген «Зерде» үкіметтік емес ұйымының атқарушы директоры Эльмира Жүзбаева да уақытша тергеу изоляторына қамалды.