Алматыда жаңа футбол стадионы салынады. Спорттық кешен Алатау аудынында бой көтермек. 30 мың орынға шақталған нысан алдағы 5 жылда қолданысқа беріліп қалу мүмкін. Бұл туралы Алматыда өткен кезекті қала құрылысы форумында айтылды. Қазір шаһар басшылығы қаланың бас жоспарына соңғы түзетулерді енгізіп жатыр. Одан кейін маңызды құжат Үкімет қарауына жіберілмек. Қазір Алматыны солтүстік-батыс бағытқа қарай дамыту көзделген. Болашақта ондағы бос жатқан алқапқа тұрғын үй кешендері, бизнес орталықтары мен спорттық нысандар көптеп салынады.
«Бұл жерде осы аумақтың орталығына айналған стадион болады. Қазір қаланың бас жоспары жасалып жатыр. Бұрынғы жоспарда негізгі нысандардың барлығы қаланың орталығына топтастырылған. Ал, жаңадан елді мекендер келіп қосылғанда, енді бас жоспарды тысқары аумақтарды дамытуға бағыттап отырмыз. Өйткені, мұндай жерлерде театр, стадион, саябақ сынды орындар жоқ», - деді Алматы қаласы Сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жанат АЙТІЛЕУ.
Алматы - әлемдегі ешбір қалаға ұқсамайтын теңдессіз шаһар. Форумға келген шетелдік сәулетшілер көрікті қалаға осындай баға берді. Айтуларынша, Алматы өте ыңғайлы жерде орналасқан. Оның үстіне бағзы ажарын сақтап қалған. Ал, дат сәулетшісі Ян Гейл ұсынған жоба Алматының тынысын кеңейтері сөзсіз.
«Алматы әлемдегі өзге қалаларды дамытқандай - көріктендіруге болады. Бірақ, бұл шаһардың тек өзіне ғана тән ерекшелігі бар. Өз басым, Алматыны асқар тауларсыз, жасыл желексіз елестете алмаймын. Сондықтан осы өзгешелікті ескере отырып, сәулетшілер қаланың ажарлануына үлес қосса болады», - деді архитектор Александр АКЕНТЬЕВ(Белорусь).