Парламент сенатында РБК банкінің қаржылық жағдайы сөз болды. Еліміздің Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков «қаржылық ұйым алдағы екі-үш айда толықтай қалпына келеді», - деді. Оған қоса, ол банктің жеке тұлғаларға берешегі жайында да түсіндірді.
«Банк біртіндеп жеке тұлғалармен ақша қаражатын пайдалануға лимиттерді алып тастайтын болады. Бірінші кезекте студенттерге, жалақы алатындарға, несие карталарына қатысты болады, сондай-ақ кейіннен өзге де кредиторлар мен депозиторлар қамтылады. Атап айтқанда, ақша ағыны алдағы екі-үш айда жүретіндіктен, бұл мерзімде банктің жұмысын толықтай қалпына келтіре аламыз», - деді ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Олег СМОЛЯКОВ.
Естеріңізде болса, Қазақстан Үкіметі ұлттық банкпен және «Қазақмыс» корпорациясымен бірге РБК банкін қалыпқа келтіру шараларының кешенін әзірлеген болатын. Сондай ақ, сенат депутаттары «2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды мақұлдады. Түзетулер еліміздің алдағы төрт жылға арналған макроэкономикалық көрсеткіштер болжамының өзгеруіне және жыл басынан бастап салықтық түсімдер қарқынын нақтылауға байланысты әзірленген болатын. Сенаттың қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Ольга Перепечинаның айтуынша, 2017 жылдың басынан экономикалық белсенділіктің жақсаруына байланысты жалпы ішкі өнімнің нақты өсімі 2,5 пайыздан 3,4 пайызға дейін ұлғайған. Сәйкесінше, елімізде ішкі жалпы өнімге деген болжам 2,1 триллион теңгеге артып, 51,9 триллионды құрады. Сондай-ақ сенатта алдағы уақытта Қазақстанда өнеркәсіп, мұнай шығару мен оны экспорттау қарқыны өсетіндігі айтылды.
«Жоғарыда айтылған макрокөрсеткіштердің жақсаруы, жаңа болжамдарға сәйкес, республикалық бюджетке қаржы артығымен түседі. Дәлірек айтсақ, республикалық бюджетке 60,8 миллиард теңге түсіп, сондай-ақ, 62 миллиард теңге көлемінде бюджет тапшылығы азаяды», - деді ҚР Парламент сенатының депутаты Ольга ПЕРЕПЕЧИНА.