Полиция қызметкерлерінің жайбасарлығына қапа болғандар өз қамын жасауға кірісті. Шымкентте үйіне ұры түсіп, екі бірдей теледидарынан айырылып қалған 60 жастағы зейнеткер күдіктіні өзі тапқан.
Ұрлықшының ісін әшкере етіп, оған көмек қолын созғандарды да аямаған ізкесуші қарияның жедел операциясына Otyrar.kz тілшілері де атсалысып қайтқан.
Оқиға тапа-талтүсте өрбіген. Үйде жан баласының жоғын байқаған бейтаныс азамат терезедегі темір қоршауды сындырып кірген. Жатын бөлмедегі құнды заттарды іздеген, ештеңе таппаған соң екі теледидарды қолтықтап кетіпті. Үй иесі жедел тергеу тобын шақыртып, арызын жазады. Күдіктінің заттарды аз уақытта сатып құртатынын сезген жәбірленуші тергеушіден бұрын өзі қимылдайды.
Арнайы видеодан кейін ұрлық жасаған азамат қармаққа ілігеді. Содан шағын автобустың жүргізушісін жәбірленуші зейнеткердің өзі іздеп тапқан. Сол арқылы қымбат теледидарлардың қай базарға сатылымға шығарылғанын біледі. Күдікті азамат ұрлаған заттарды «жабық» базарға өткізіп кеткен. Ұры базарда орнатылған бейнекамераларға анық түсіп қалған. Қай сауда нүктесіне ұрлық заттарды өткізгені анықталады. Енді тек тергеушілерге ұрланған затты тәркілеу ғана қалды.
Жедел уәкіл қызметкерлері ешбір құжаты жоқ затты сатып алған азаматты анықтайды. Одан айғақ зат ретінде теледидар тәркіленіпті. Қалалық Ішкі істер департаментінің берген мәліметі бойынша бұл фактімен ұрлық жайты мен қылмыстық іс қозғалған. Үй ұрлығын жасаған азаматты ұстау шаралары жүргізіліп жатыр.