Қазақстанда киелі жерлердің картасы жасалып жатыр. Оған еліміздегі қасиетті орындар кіреді. Тізімге Алматыдан бес бірдей мемлекеттік қорғаудағы жерлер еніпті. Оларды «Қасиетті Қазақстан» орталығы іріктеген. Бұл жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жүзеге асып жатыр.
Қазақстандағы қасиетті орындардың атласын жасау - бұл ғылыми немесе діни жоба емес. Оның мақсаты - қазақ тарихындағы елеулі орын алатын тарихи тұлғалар мен жерлерді, ескерткіштерді қорғау. Тізімге енген орындардың бірі - қазақ батыры, қолбасшы Райымбек батыр кесенесі. Бұл кесене жаугершілік заманда ел, жер үшін жан пида еткен бабаларымыздың ерлігін еске түсіреді.
«Киелі жерлердің картасына Райымбек батырдың кесенесі кірді. Біздің дәуірге дейін сақталған кесене қасиетті орын болып табылады. Ол жерге адамдар келіп құран оқиды. Жалпы Алматыда бұндай орындардың саны көп. Мегаполис Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жанғыру» бағдарламасын жүзеге асырудың практикалық кезеңіне кірісті», - деді «Рухани жаңғыру» аймақтық жобасының менеджері Айнұр ВАЛИЕВА.
Рухани жаңғыру бағдарламасы барысында Алматыда Райымбек батыр кесенесінен бөлек Тәуелсіздік монументі, Желтоқсан оқиғасының 20 жылдығына орай орнатылған Тәуелсіздік таңы, Боралдай сақ қорғаны сынды барлығы 5 орын қасиетті жерлер тізіміне өтті.
Аңыз бойынша Райымбек батыр қартайған шағында жанындағыларға өзін қайтыс болған кезде, ақ киізге орап, ақ түйеге артып жіберіңдер дейді. Киелі жануар қай жерге барып шөксе, сол орынға жерлеңдер деп бұйырады. Бота дәл осы орынды таңдаған. Содан бері мұнда адамдар келіп, ата-бабаларына құран бағыштайтын болған.
Тарихшылардың сөзінше, Райымбек батыр тек өзінің ержүректігімен көзге түспеген. Оның көріпкелдік қасиеті де болған деседі. Сонымен қатар, мықты дипломат болыпты. 1733 жылы Жоңғар еліне барып, қазақ елінің мүддесін қорғаған, дейді тарихты білетіндер.
«Атеизмнің қайнап тұрған кезінде Райымбек бабамыздың мазарын құлатпақшы болады. Көптеген техниканы алып келеді. Солардың барлығы қимыл жасағанда олар сына береді. Сондықтан мына батырдың мазарын құлатамыз деген ойдан әгілер бас тартады да, сол кісінің әулиелігін бүкіл ел, Кеңес үкіметі мойындайды. Бүгінгі уақытта жолаушылар болсын, жас азаматтар үлкен сапарға шыққанда ол кісіге келіп бата алады. Құран оқиды сол жерге барып», - деді тарих ғылымдарының докторы Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ.
Қазақ халқының рухани байлығы саналатын киелі жерлердің георафиясы тек Алматы қаласы бойынша ғана емес, республиканың өзге өңірлерінде де анықталып жатыр. Осы бағытта жұмыс жасаған мамандар әу баста 16 орынды атағанымен, «Киелі Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығымен 5 нысан іріктеліпті.
Өмір Әнуарбек, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы