Қала әкімі Алматыда жарияланған «Жастар жылын» қорытындылады

Қала әкімі Алматыда жарияланған «Жастар жылын» қорытындылады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қала әкімі Бауыржан Байбек биыл Алматыда жарияланған «Жастар жылын» қорытындылады. Ол атқарылып жатқан істерді жіпке тізіп, сонымен бірге болашақта жүзеге асатын жұмыстарға да тоқталып өтті. Жыл бойы басты назарда болған жастардың жайлы өмір сүруі мен білім алуы үшін қыруар іс тындырылыпты. Мәселен, қала билігі жатақхана жетіспеушілігін ескеріп, жақында 2 мың орынды төрт студенттер үйін қолданысқа бермек. Келер жылы, 2 мың 400 адамға шақталған тағы екеуінің құрылысы басталады. Ал, қала әкімі 2018-ші жылы Алматыда құрмет ретінде аға ұрпақты қолдауға арнауды ұсынды.

Алматыда биылғы жыл жастарға арналды. Қала билігі оларға осы уақытқа дейін барынша қолдау мен айрықша назар аударды. Соның нәтижесінде, қыруар тірлік тындырылды. Мәселен, «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы аясында «бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс істейтін лофт орталықтың алғашқы кезеңі ашылды. Келесі жылы онда 3000 мың шаршы метрлік негізгі корпус пайдалануға берілмек. Оның ерекшелігі сол, әлеуметтік бейімдеу орталығы тек кеңес беретін орын емес, бағыт-бағдар көрсететін орталық болды. Бүгінге дейін 8 мыңнан аса адам екі қолға бір күрек тапқан. 2,5 мың жас техникалық және кәсіби тегін білім алды. 3 мың жас қажет мамандықтар бойынша қысқа мерзімді курстарға қатысты. 

"Алатау және Әуезов аудандарында «Алматы жастары» және «Бағдаршам» жастар орталықтары өз жұмыстарын бастады. 2018-ші жылы Наурызбай ауданында да жаңадан жастар орталығы ашылып, жастар ісін үйлестірудің бірегей жобасы тұйықталатын болады. Жуырда елбасы «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында елбасы «Жастарға қамқорлық дегеніміз жастардың бірінші қадам басуынан, яғни жұмысқа орналастыру. Ең бірінші еңбек, мамандық беру - біздің парызымыз. Жастарға деген нағыз қамқорлық осы» деп атап өткен болатын. Осыған орай, ағымдағы жылы жастар практикасына қатысушылар саны 500-ден 1200-ге дейін ұлғайтылып, оны жүзеге асыруға 500 млн теңге қаражат бөлінді",-деді Алматы қаласының әкімі, Бауыржан БАЙБЕК.

Онымен қоса, биылғы жылы пилотты жоба ретінде «Алматы жастары» атты тұрғын үй бағдарламасы қолға алынды. Оның арқасында, 35 жасқа дейінгі кез келген санаттағы қала жастары жеңілдетілген несие мен алдын-ала ақша салусыз пәтер алуға мүмкіндік жасалды. Бүгінгі күні 6 мың 600 адамнан өтінімдер келіп түскен. Жыл аяғына дейін жас отбасыларға 100 пәтер кілтін тапсыру жоспарланып отыр. 

«Жастардың өзекті мәселелерінің бірі баспана екендігі белгілі. Бұл, әрине бір жылда шешілмейтін сұрақ. Бірақ, негізгі мақсат жастарға мүмкіндіктер жүйесін ұсыну, ынталы, талапты, жауапкершілікті жастардың баспаналы бола алатындығын көрсету. Сондықтан, «Алматы жастары» арнайы «Тұрғын үй» бағдарламасы, «Тұрғын үй жинақ» банкімен басталып, оған қала бюджетінен пилоттық негізде 1 млрд теңге қаржы бөлінді»,-деді Алматы қаласының әкімі, Бауыржан БАЙБЕК.

Сондай-ақ, қала басшысы Бауыржан Байбек жастар форумы аясында өз саласында үздік шыққан жандарды марапаттады. Сонымен, "Жыл волонтері" Әзиз Қажденбек, «Жас кәсіпкер» Қуаныш Шоңбай, жыл спортшысы Жансая Әбдімәлік «Спорт саңлағы» сыйлығын иеленді. Сондай-ақ, «Жас тәлімгер», «Ел қызметшісі», «Мейірімді жүрек», «Белсенді жас», «Шабыт», «Белсенді блогер» мен «Жас Отбасы» номинациясын жыл бойы белсенділік танытып, жұртқа пайдасы жастар өзара бөлісті.

Жадыра Омаржан, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров