Алматы қаласы Алатау ауданының жаңартылған мемлекеттік кірістер басқармасының орталығы жаңа қағида бойынша жұмыс істейді. Мұнда салық қызметінің 32 түрі көрсетіледі. Мамандар күнделікті 10-ға дейін жеке және заңды тұлғаға көмек береді. Биыл тек осы ауданда 160 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетіліпті. Ал қала бойынша ол 3 жарым миллионға жеткен.
«Бұл жұмыстың барлығы біріншіден салық төлеушіге арналған ыңғайлы жағдай жасалған. Сонымен қатар, мүгедектерге де ыңғайлы жағдай жасалған. Пандус орнатылды. Арнайы шақыратын түймелер бар. Жұмысшыларға арнайы бірыңғай киім тігілген. Электронды түрде кезек бар. Сонымен қатар, екінші деңгейлі банктерден арнайы кассалар орнатылған»,-деді Алматы қаласы мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары, Қанат БАЛТАБЕКОВ.
Биыл қыркүйек айының аяғында Алатау ауданы мемлекеттік кірістер басқармасының жұмысы сынға ұшыраған еді. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев орталық жұмысында кемшін тұстар бар екенін айтқан. Мамандардың сөзінше, қазіргі таңда барлық олқылық түзелген. Ал, күрделі жөндеуден өткізілген Жетісу ауданындағы осындай орталық желтоқсан айында ашылады.
«Жөндеуден кейін орталық адам танымастай өзгерді. Бұған дейін де жаман емес еді. Қазір тіпті тамаша. Электронды кезек. Қазіргі орталық көз қуантады. Еліміздің барлық орталығы осындай әсем болса екен деп тілеймін»,-деді Кәсіпкер, Эльгар АБИШЕВ.