«Қазақстан Барысы - 2017» қазақша күрестен өтетін дүбірлі додаға Алматы өңірінен кімнің жолдама алғаны белгілі болды. Жүздеген жүйріктің арасынан суырылып шыққан палуанға қала әкімдігі темір тұлпар мінгізді. Сонымен қазақша күрестің саңлақтары кім?
Бұл күні Балуан Шолақ спорт кешенінде адам қарасы көп болды. Дәстүрге айналған доданың жыл санап көрермені мен қатысушылары да артып келеді. Осы жылы 300-ден астам алматылық споршы аталған турнирде бақ сынамаққа бекінген. Дегенмен, қаланың 8 ауданынан 24 палуан ғана «Алматы Барысында» белдесуге жолдама алған. Дүбірлі додада қала әкімі ұлттық спортты жаңғырту маңыздылығы жайлы айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Қазақ жерін сақтап қалған біздің палуандарымыз қазір бейбіт өмірде бір-бірімен күресіп, өз өнерлерін көрсетіп жатыр. Сондықтан әділ ойын болсын, ең мықтылар жеңсің! Алматы қаласы биіктей берсін!», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.
Осылайша ресми түрде ашық деп жарияланған «Алматы барысы - 2017» тартысты өтті. Бұл жолы да алаңда елімізге белгілі спортшылар бой көрсетті. Олардың қатарында былтырғы жеңімпаз Виктор Демьяненко, сондай-ақ «Қазақстан Барысы – 2014» қола, ал 2015 жылы күміс белбеу таққан Руслан Әбдіразақов та бар.
«Кішкене есемді жіберіп қойғандай болдым. Содан кішкене жиналып, жеңу керек деген оймен жеңіске жеттім. Ақтық сында таза жеңіспен жетіп, өте қуаныштымын», - деді «Алматы Барысы - 2017» турнирінің жеңімпазы Руслан ӘБДІРАЗАҚОВ.
Байрақты бәсекеде жеңіске жеткен Руслан Әбдіразақовқа қала әкімдігі темір тұлпар тарту етті. Ал қоладан белбеу таққан Дәурен Нұрәліновке 300 мың теңге көлемінде сыйақы берілді. Дегенмен, бұл жолы екі палуан да «Қазақстан Барысы 2017» туриниріне жолдама алды.
«Бұйырса енді алдымызда «Қазақстан Барысы» күтіп тұр, оған қарқынды жұмыс істеп, жеңіске жетеміз деп ойлаймыз», - деді «Алматы Барысы - 2017» турнирінің күміс жүлдегері Дәурен НҰРӘЛІНОВ.
Бақ шаба ма, бап шаба ма деген осы шығар. Тәжірбиелі, бірнеше жыл қатарынан әр түрлі деңгейдегі жарыстардың жеңімпазы атанған Демьяненко бұл жолы 3-ші орынға жайғасты. Ал, осымен 7-ші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған «Қазақстан Барысы» көптеген палуанның бағын жағып, үлкен спортқа жетеледі. Олай болса, 3 шілде күні Қазақ күресі федерациясының ұйымдастыруымен елордада өтітін боз кілем додасында тартысты белдесу өтетіні сөзсіз.
Нұрсұлтан Біләл, Айдын Өнербаев, «Алматы» телеарнасы