|
27.04.2017 | 09:43
3123

Биыл Алматыдағы 16 шақырым ауыз су құбыры ауыстырылады

Биыл Алматыдағы 16 шақырым ауыз су құбыры ауыстырылады

Биыл Алматыдағы 16 шақырым ауыз су құбыры ауыстырылады. Есесіне құрылыс жұмыстары жүргізілетін жерлерде уақытша су беру тоқтатылады. Ал таңертеңнен бастап қаланың үш ауданында бір тәулікке  суық су өшірілмек. Сәйкесінше қаланың «алтын квадарат» деп аталатын ең қымбат ауданында құбыр ауыстырылады.  

Бұл Түрксіб ауданындағы жоспардан тыс жүргізіліп жатқан жұмыс. Қысымға шыдамаған құбыр тесіліп, көше тұрғындарының тыныштығын кетірген соң бригада аталған аумақтың жолын қопарып жатыр. Бір жарым метр тереңдіктегі құбырдың жарылған жерін жамап, тас жолды қайтадан қалпына келтіру кемінде бірнеше жүз мың теңгенің шығынын әкеледі.

«Біздің Глазунова көшесінде апат жиі орын алады. Құбырлар ескірген. Жарты көшені су алып кетеді. Бірақ ондай жағдайда бірден мамандарды шақырамыз. Қазірде су жоқ. Бірақ істің соңын түсініп, күтуге тура келеді», - деді  қала тұрғыны Любовь ЛУКЬЯНОВА.

Ал жоспарлы жөндеу жұмысы басталып, бірден үш аудан халқы қара судан қағылады. Қаланың «алтын квадрат» деп аталатын аудандарының ішіндегі барлық көшелерде ауыз су беру сәуірдің 27-28 күндері тоқтатылады. Яғни, Төле би мен Әл-Фараби даңғылы және Абылай хан мен Зенков көшелерінің аралығын құрайды.  Сондықтан «Алматы су» холдингі  жөндеу жұмыстары кезінде қысылып қалмау үшін  тұрғындар су қорын молынша құйып алуларын ескертіп отыр. Диамметрі 600 және 100 мм болатын ұзындығы 200 метрлік  құбырды  жауаптылар бір тәуліктің ішінде ауыстырып, орталық жүйеге жалғаймыз деп отыр.

«27-сі сағат тоғыздан 28 сәуір күні сағат таңғы тоғызға дейін суық су өшіріледі. Ол Алмалы, Бостандық және Медеу аудандары орын алады. Желтоқсан көшесі мен Ганди жерінде жұмыстар жүріп жатыр. Сол жерде ғимарат салынып жатыр. Соның астында біздің құбыр қалып қойды», - деді «Су желісі» МКК бас инженері Шамшатдин БАҚТЫҒАЛИЕВ.

Ескі құбырлардың жарылып кетуі  әр ауданда күн сайын болып жатады. 2008 жылы 3288 апат орын алса, былтыр бұндай 2114 оқиға тіркелген. Жалпы, жаңартылып жатқан жылу құбырлардың нәтижесінде трубалардың жарылу фактісі азайған. Айта кетейік, соңғы тоғыз жылда 150 шақырымдай су желісі ауыстырылған.

«Екі түрлі бағытта жүргізіледі. Біріншісі, апаттық жағдайларда құбыр тесілгенде. Екіншісі, жоспарлы жөндеу  жұмыстары. Ол арнайы мекемелердің, орталықтардың суларын қалалық ауыз суға қосу. Мамыр айында жұмыстар басталады.  Халыққа айтатынымыз, бұл жұмыстар елге қолайсыздық туғызбайды», - деді «Алматы су холдингі» МКК қоғаммен байланыс бөлімінің маманы Ақбота ЖЫЛЫСОВА.

Ескі құбырларды ауыстыру  күзге дейін жалғасып, барлығы 16 шақырымдық құбыр жер асты арқылы  орталық су жүйесіне жалғанады. Қаладағы құбырлардың жалпы ұзындығы 2918 шақырымға жетсе, олардың 65 пайыздан астамының тозығы жеткен.

Әмірболат Құсайынұлы, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир