«Алматы жылу жүйесі» мекемесі бір миллиард теңгеге жуық берешегін бере алмай отыр

«Алматы жылу жүйесі» мекемесі бір миллиард теңгеге жуық берешегін бере алмай отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Алматы жылу жүйесі» мекемесі бір миллиард теңгеге жуық берешегін бере алмай отыр. Қарыздың астында қалған жылу компаниясы  тығырықтан шығу үшін тұрғындардың ыстық суын жаппай өшіріп жатыр. Қыс бойы берілген жылу мен ыстық судың қызмет құнын төлемеген тұрғындар мен компаниялардың құбырлары орталық жүйеден ажыратылып жатыр. Ал аптап ыстықта сусыз қалған ел қолдарына тізім ұстаған қызметкерлерге қарсыласуын қояр емес.  

Жылу жүйесі жұмысшыларының жексенбі күні жетіп келгенін күтпеген жұрт сан түрлі сылтау мен жағдайларын айтып бәйек болуда. Осы уақытқа дейін елемеген төлем түбіртегін  әкелеміз деп мұрсат сұрасада пәтерге баратын құбырды қызметкерлер қиып, есеп құралдарын құлыптап тастады. Алқымды қысар аптап ыстықта жуынудан қалған халық саны аз емес.  

«Тұрғындар жылу қызметіне ақы төлемегендіктен біздің де қарызымыз көбейіп кетті. Алматы жылу энергетикасы жүйесіне 600 миллион теңгеден асса, тағы бір өндіруші мекемеге 240 миллион теңге қарызымыз бар. Сондықтан қарызын қайтармағандарға сот орындаушылар арқылы шекарадан шығуға шектеу қойылып, дүние-мүлкі кепілге қойылады», - деді «Алматы жылу жүйесі» ЖШС бас директорының орынбасары  Алпамыс ЖҮСІПОВ.

«Манхеттен» атты мына  қымбат тұрғын үй кешенінен пәтер алуға  қалталылардың ғана қауқары жетеді. Борышкерлердің бірнеше беттік тізіміндегі тұрғындардың басым бөлігі  осы кешендегі елдің еншісінде. Қарызды қайтармай алаңсыз алшаң басып жүргендердің берешегі 300 мың теңгеге дейін жетеді. Бірақ жақсы, жайлы жерде тұрғанмен оның жауапкершілігін өзіне жүктегісі келмейтін жан жетерлік.

Бір күндік рейд барысында көпқабатты 16 үй жылу жүйесінен ажыратылды. Іштен есігін ашпай құлыптап алғандарда құтыла алған жоқ. Түгел үйге келетін құбыр жүйесі сырттан-ақ тығындалып тасталды.

«Көбінесе адамның салғырттығы. Олар ойлайды жылу маусымы өткенен кейін біз жаз бойы төлемей, келесі жылу маусымында бірақ төлейміз деп сумманың мөлшеріне қарамайды. Бұл жерде 300-ден аса пәтер иелері қарыздарын төлемеген. 10 мыңнан 300 мыңға дейін жетеді.  Олар қарызын толық төлемейінше суға қоспаймыз», - деді «Алматы жылу жүйесі» ЖШС сектор басшысы Аслан САҒМЕТДИНОВ.

Суды өшіру оңай болғанмен, оған бола қайтып жатқан қарыз көлемі көп емес. Тұтынған қызметтің ақысын керек қылмайтындардың арасында аты белгілі компанияларда жетерлік. Жыл басынан бері сотқа 3400 шағым түссе,  бір миллиард бір жүз мың теңгені өндіру керек деген үкім шыққан. Қарыздың жалпы сомасы 2,4 миллиард теңгеге жетеді. Көрсеткен қызметтерінің ақысын ала алмай жүрген жылу жүйесінің жетекшілері бұндай жұмысты  жаз бойы жүргізбек.  

Әмірболат Құсайынұлы, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы  


Новости партнеров