Мұхтар Әуезов атындағы драма театрдың директоры Ерлан Біләл миллионнан астам кепілақша төлеп, қамақтан босатылды. Кінәсін толық мойындаған актерге қатысты бұлтартпау шарасын Медеу аудандық соты шығарды. Осыған дейін, ұлттық бюро қызметкерлері оның 1 жарым миллион теңге көлемінде пара алғанын айтқан болатын. Алайда, Алматы қалалық соты «Сезам» қорының жетекшісінен алынған ақы 900 мың теңге екенін нақтылады. Ресми дерекке сүйенсек, бұл қаржы театрды жаңа жылдық қойылымдар үшін уақытша жалға беру мақсатында төленген. Енді істің мән-жайы анықталғанша Ерлан Біләл қызметтен шеттетілді. Міндетін қазір орынбасары атқарып жүр. Атышулы іс бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары жүргізілуде.
«Медеу аудандық сотының тергеу судьясы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театр директорына қатысты бұлтартпау шарасы ретінде кепілге алу туралы шешім шығарды. Ол 1 миллион 205 мың теңге көлемінде кепіл төледі»,-деді Алматы қалалық соты баспасөз қызметінің маманы, Абай ЖАРЫЛҚАСЫН.