Алматыда өртенген көпқабатты үй тұрғындарына ақшалай көмек көрсетілмек

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Көкжиекте өртке оранған пәтерлер аз уақытта толыққанды жөнделіп бітуі тиіс. Қала әкімі Бауыржан Байбек осылай деп тапсырма берді. Қазір оқиға орында тергеу-тексеру жұмыстары жүріп жатыр. 90-нан астам пәтерді зақымдаған өрттің неден шыққаны әлі белгісіз. Ал жергілікті тұрғындардың айтуынша, жалын бірінші қабаттан тұтанған. Зардап шеккен отбасыларға жергілікті билік 240 мың теңгеден көмек көрсетпек.

93 пәтерлік үйдің алтыншы қабаты қатты зақымданған. Мына бір бөлмелі пәтердің ішінен іліп алар зат таппайсыз. Тоңазытқыш, телевизор, телефон сынды өзгеде тұрмыстық техникалар еріп кеткен. Ал үйдің қожайындары болса қара күлге айналған дүниелерін көруге батпай, жүрегі дауаламай, далада жүр. 

Кеше кешке шыққан өрт кезінде 300-ден астам адам эвакуацияланған еді. Бірақ тұрғындардың біразы өрт шыққанда үйде емес, жұмыста болған едік дейді. Тіптен пәтері жанып кеткен жандардың ішінде ипотекалық қарыздан әлі құтылмаған қауымда бар.

Көкжиектегі қоршауға алынған үйге адамдар тек арнайы рұқсатпен ғана кіріп, жарамды заттары мен құжаттарын алып жатыр. Ғимарат газ, тоқ, жарықтан толық ажыратылды. Дереу құрылған арнайы комиссия шығынды есептеуге кіріскен. 

«Қала әкімінің арнайы тапсырмасы бойынша үйді жылдам қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Жобалаушы институт мамандары, құрылыспен айналысқан мекемелерді шақырамыз. «Көкжиек» шағын ауданындағы бұл үйлерді салу 2007 жылы басталып, 2010 жылы аяқталған», - деді Алматы қаласы Жетісу ауданының әкімі  Мұхтар ТӘЖІБАЕВ.

Пәтері өртенген тұрғындарды мектеп асханасынан  тегін тамақтандыру мен спорт залда жатын орын қарастырылған. Бірақ ұйымдастырушылар кешеден бері бірде бір адам қонуға келмей, туыс, таныстарына кетті дейді.  Ал аудандағы әлеуметтік жұмыспен қамту бөлімінің мамандары зардап шеккен әр бір отбасына 240 мың теңге көлемінде ақшалай көмек көрсетпек.


Новости партнеров