Қыркүйекте қар жауып, үсік жүреді. Ауа-райының күрт өзгеретінін «Қазгидромет» өкілдері хабарлама арқылы ескертіп жатыр. Дабылды ақпаратта елдің солтүстігі, орталық және шығыс бөлігінде ауа температурасы – 1 градустан – 3 градусқа дейін салқындайды делінген. Күздің қаншалықты салқын болатынын Астанадағы «Қазгидромет» маманы, «Қазгидромет» РМК инженер-синоптигі Лаура САЙЛЫБАЕВА айтып береді.
– Лаура ханым, 11 қыркүйектен бастап күн күрт суытады деген хабар келді. Бұған не себеп? Нақты қай өңірде ауа температурасы төмендейді?
– Иә, шынында да, республикамыздың орталық, шығыс және солтүстік аймақтарының тұрғындарын қайтадан суық күтіп тұр. Қара теңізден суық ауа массасы алдағы 3 тәулікте бізге келеді. Сондықтан қайтадан үсік жүріп, кей аймақтарда 3 градусқа дейін күн салқындайды, қар аралас жауын-шашын түседі.
– Сонда салқын ауа-райы қашанға дейін сақталады деп болжап отырсыздар?
– «Қыркүйектің 14-інен бастап Қазақстан бойынша ауа райы қайта жылына бастайды. Дегенмен, жылу ұзақ сақталмай, артынша тағы салқын түседі. Сондықтан жылы киімдеріңізді дайындай берсеңіздер болады. Себебі, қыс келе жатыр.
– Қыркүйек басталысымен кейбір өңірлерде аномалды түрде қар түсіп жатқанын көрдік. Ел климаты өткен жылмен салыстырғанда өзгерді ме? Жалпы, ақ ұлпаның ерте түсуі қыстың суық болатынын білдіре ме?
– Жыл сайын аномалды жауын-шашын мен түрлі температура құбылуы болып тұрады. Сондықтан алдағы қысқа дәл қазір нақты болжам жасай алмаймыз. Себебі, ауа райы құбылысы төтенше жағдайға жете қойған жоқ. Біздің Қазақстанның күзгі климатына әдетте, осындай,қазіргідей ауа-райы тән.
– Рахмет!
Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана