Алматылық полицейлер қолды болған ұялы телефондарды іздестіруге кірісті. Өйткені, соңғы кездері қалада телефон ұрлығы өршіп кеткен. Тек жыл басынан бері 4 мың байланыс құралы қолды болыпты. Ал айласын асырған сұғанақтар «олжасын» тіпті шетел асырып сататын көрінеді. Әккі ұрылардың әрекетін әшкере етуге мықтап кіріскен сақшылар қаладағы ұялы телефон сататын орталықтың біріне барды.
Қабағы қатулы полицейлер бүгін қалада ұялы телефон саудаланатын орталықтың біріне баса-көктеп кіріп келді. Өйткені, ұрылардың дені қолды қылған олжаларын дәл осында әкеліп сататын көрінеді. Қаптаған құзырлыларды күнде көре бермейтін сатушылар абдырап қалды. Сақшылар сөреде самсаған телефондарын тексеріске алғанда тіпті, әбден састы.
Жетпіске жуық полицей тексеріске тастүйін дайын келген. Қолдарындағы ноутбукте арнайы ортақ база бар. Онда ұсталған ұялы телефонның IMEI кодын теркейді. Егер ұрланғаны белгілі болса, тауар бірден тәркіленеді.
«Біздің шұғыл мәліметімізге сүйенетін болсақ, ұрланған заттың көбісі осы сауда орнында саудаланатыны белгілі болып отыр. Егер сатушының тауарларының арасында ұрланған зат айқындалатын болса, ол міндетті түрде тәркілеуге жатады. Заң бойынша ұрланған зат сатып алу да қылмыс болып табылады. Оны міндетті түрде сатушылар, сатып алушылар жіті білуі керек», – Алматы қаласы ІІД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.
Тексеріс боларын естіген пысықай саудагерлер бүгін тіпті, жұмысқа да шықпаған. Көпшілігінің сөрелері қаңырап бос тұр. Десе де, сақшылар айласына құрық болмайтындарға ертелі-кеш қайта келетіндерін жеткізді.
Бүгінде Алматыда ұялы телефон ұрлығы өршіп кеткен. Жыл басынан бері шаһарда 4 мыңнан астам телефон қолды болып, полицейлер күдікке ілінген 2 мыңға жуық адамды қолға түсіріпті. Бірақ сұғанақтар арасында қолды қылған байланыс құралдарын шетел асырып үлгеретіндері де бар.
«Ұрланған бағалы ұялы телефондар Қырғызстанға кетеді. Осыдан 2 жыл бұрын біз Бас прокуратураның көмегімен біраз тер төгіп жүріп, ұрланған 100 затты бішкектен әрең алдырдық», – деді Алматы қаласы ІІД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.
Десе де, мұндағы саудагерлер өздеріне шаң жуытар емес. Көпшілігі ұрланған телефондарды алмайтынын айтып ақталды. Ал кейбірі қолды болған тауарларды арзан бағаға ұсынып, күніне 30 шақты адам келетінін жасырмады.
Біз сөзге тартқан сатушылардың бірі:«Ұсталған телефон ұсынатындар бізге олардың ұрланған екенін айтпайды ғой. Дегенмен, ұсталған телефонын сатқысы келетін адамдар өте көп», – десе, енді бірі: «Ұрланған телефон алмаймыз, басымыз екеу емес қой. Ана жерде тексеретін аппарат бар. Телефонның ұрланған-ұрланбағанын сериялық нөмірімен тексереміз, сыртқы қорабын да, сататын адамның міндетті түрде жеке куәлігін де сұраймыз», – деп жауап берді.
Сұғанақтар ұялы телефондарды көбінесе қоғамдық орындар мен көліктерде үптеп кетеді. Сондықтан сақшылар тұрғындарды өз мүлкіне мұқият болып, сақ жүруге шақырып отыр. Сондай-ақ, қолдан құжатсыз телефон алмауды ескертті. Өйткені, саудагерден бөлек, ұрланған тауар тұтынғаны үшін сатып алушы да заң алдында жазасыз қалмайды.
Бүгінгі рейд нәтижесінде, полицейлер орталықтағы 1 мың 127 телефонды тексерді. Бірақ арасынан ұрланғаны анықталмады. Ал мұндай рейд алдағы күндері басқа да сауда орталықтарында жалғасын таппақ.
Айдана Мейрамбайқызы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы