Астанада бес жасар қызды белгісіз біреу көкала қойдай сабап тастаған. Соққылардың салдарынан балақайдың миына зақып келіп, шұғыл түрде ота жасалған. Дәрігерлер оның жағдайы қалыпты деңгейде, дейді. Ал полицейлер қыз баланы аямай сабағанды анықтап жатыр. Қоғамдық наразылықты тудырған жағдайды қала әкімі Әсет Исекешев те өз назарына алған.
Суреттегі Имираль Сәдуақасова Астана қаласының №2 ауруханасына наурыздың 1-де шұғыл түрде жеткізілген. Ақ халаттылар балақайды қабылдағанда ауыр соққылардың салдарынан денесінде сау-тамтық жері қалмай, бас миының зақымданып, қан ұйылып қалғанын анықтаған. Қазір жағдайы жақсарып, беті бері қараса да, қатты шошынған.
«Денесінің барлығында көгерген іздер болды. Балаға компьютерлік томография жасадық. Онда қан ұйылған. Сондықтан балаға операция жасадық. Отада субдуральды гематома болып, оны алып шықтық. Қазір баланың жағдайы қалыпты. Бала бөлімшеде жатыр. Қорқынышты жағдайлар жоқ», - деді Астана қаласы № 2 ауруханасының нейрохирургия бөлімінің басшысы Ербол ҚОЗБАҒАРОВ.
Оқиға әлеуметтік желіде кең тарап, халық қыз баланы аямай сабағандарды жазаға тартуды сұрауда. Баланың анасы темір тордың ар жағында екен. Әкесі көз жұмған. Нағашыларының қолында болған 5 жасар Имиральді бұндай жағдайға солар жеткізді деген қауесет бар. Дегенмен, құзырлы органдағылар сенімсіз ақпаратқа ермей, тергеу жұмыстарының аяқталуын күту керек, дейді.
«Медициналық мекемеден келіп түскен хабарлама бойынша, қазір таңда тергеу жүріп жатыр. Барлық мән-жай анықталуда. Сонымен қатар, ҚР ҚК 201-ші бабы сәйкес сотқа дейінгі жария етуге жатпайды», - деді Астана қаласы ІІД ресми өкілі Софья ҚЫЛЫШБЕКОВА.
Имиральдың жағдайын қала әкімі Әсет Исекешев өз назарына алған. Шаһар басшысының желіде қалдырған пікірінде мән-жай анықталған соң, баланың жағдайын жасаймыз делінген. Зардап шеккен қыздың жағдайын Білім, Денсаулық сақтау басқармалары мен балаларды асырап алу бөлімі де анықтап жатыр.
«Астана қаласының әкімдігі мен Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтың өзі осы жағдайды қатаң бақылауда ұстап отыр. Қазіргі таңда ол қыздың кімнің үйінде жатқаны, қалай өмір сүргендігі, одан кейінгі өмірі қалай болатындығы анықталып жатыр. Ол арнайы тергеу амалдарынан кейін анық болады», - деді Астана қаласы әкімдігінің ресми өкілі Эльвира ЖҮРГЕНБАЕВА.
Әлеуметтік желі қолданушылары әкімнен Имиральды балалар үйіне бермей, асырап алушыларға беруін сұрауда. Баланы өз қамқорлығына алатын азаматтар да белсенділік білдірген. Жеткіншектің жағдайы жақсы болса 2-3 аптадан кейін ауруханадан шығуы мүмкін.