Алматы полицейлері мен коммуналшылары су жаңа көлік мінді. Қала әкімдігі биыл тәртіп сақшыларына газбен жүретін 280 қызметтік автокөлік табыстады. Қазақстанда құрастырылған темір тұлпарлар тұтастай заманауи құралдармен жабдықталған. Ал қар тазалау жұмыстарына қосымша 65 жаңа техника сатып алынды. Шаһар басшысы Бауыржан Байбек сатып алынған арнайы техникаларды қарап шықты.
Алматының коммуналдық қызметтері қытымыр қысқа тас-түйін дайын. Биыл жергілікті бюджет есебінен қар тазалау жұмыстарына қосымша 65 жаңа техника сатып алынды. Құрылғылар қала көшелерін ақ ұлпадан дер кезінде арылтуға септік етеді. Самсаған жаңа техниканың қатарында магистральді көшелердің қарын күрейтін үш көпфункционалды машина, 14 КАМАЗ шассиіндегі құрамалы тазалағыш көліктер, 16 поник техника мен 20 мини трактор бар. Сондай-ақ жұмысшыларды тасу үшін 10 автобус сатып алынған. Осының арқасында қала көшелерін дереу қардан тазарту мүмкіндігі жоғары, дейді мамандар.
Бүгінде Алматыдағы қардан аршылатын көше аумағы 20 миллион шаршы метрден асады. Қыста көше тазалауға 15 мердігер ұйым, 1 мың 116 арнайы техника бірлігі жұмылдырылмақ. Биыл жол тазалаумен айналысатын жұмысшылар қатарын 2700 адамға көбейту жоспарланып отыр.
Коммуналшылардан бөлек, қаланың полицейлеріне де қызметтік көлік берілді. Су жаңа темір тұлпарға ие болғандардың дені жол-патрульдік полкының қызметкерлері. Оларға биыл 187 жеңіл көлік пен 34 эвакуатор машина табысталды. Бұл күнделікті қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барын салатын жол сақшыларына көмекке шұғыл жетуге ықпал етпек. Автокөліктер тұтастай заманауи құралдармен жабдықталған. Дыбыс күшейткіш қондырғысы мен рациясы, JPS жүйесі, сондай-ақ бейнекамерасы бар. Бұл жылдамдықты дәл анықтауға және көлік пен жүргізушіге қатысты мәліметтерді дер кезінде біліп отыруға мүмкіндік береді.
Алып шаһардың тыныштығын сақтап, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген полиция қызметкерлеріне шұғыл тапсырмаларды дер кезінде орындау үшін көліктің атқаратын маңызы зор. Былтыр оларға қала қазынасынан бөлінген қаржыға 118 көлік берілген болса, биыл бірден 280 газбен жүретін су жаңа темір тұлпар тарту етілді. Оның төртеуі арнайы жасаққа берілген жүк көлігі мен автобус болса, 34-і эвакуатор машина. Ал қалғаны жеңіл көліктер.
«Алматы полициясы қазіргі таңда көлік тапшылығын көрмеуде. Өйткені, дер кезінде жылдың басында біз арнайы ұсыныс жасаймыз. Яғни, жыл бойы бізге қанша көлік болуы мүмкін, сол жоспарға сәйкес автокөліктің саны да, сапасы да қарастырылады. Сол жоспарға сәйкес, бүгінгі 280 автокөлік те берілген болатын», - деді Алматы қаласы ІІД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.
Айта кетсек, алматылық полицейлердің материалдық-техникалық базасын жабдықтауға бөлінген қаржы былтырғымен салыстырғанда 2 есеге көп. Өткен жылы қала қазынасынан қызметтік көліктерді алуға 706 миллион теңге жұмсалса, биыл 3,5 млрд. теңгеге дейін ұлғайған.
Айдана Мейрамбайқызы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы