|
27.10.2016 | 14:47
2463

Полиция сержанты Серік Әбілдаевтың артында қалған отбасы ескерусіз қалды

Полиция сержанты Серік Әбілдаевтың артында қалған отбасы ескерусіз қалды


Берген уәде орындалмады. Руслан Күлікбаевтың қарулы шабуылы кезінде, қызмет үстінде қаза болған полиция сержанты Серік Әбілдаевтің артында қалған отбасы ескерусіз қалды. Қайғылы оқиғадан кейін Алматы облысы басшылығы асыраушысынан айырылған отбасыға баспана беруге уәде берген. Алайда үш ай өтсе де, уәде орындалмады. Жерлеу рәсімі кезінде көпшіліктің көзінше айтылып, шешім шығарылса да, үш қызымен жесір қалған Әсел Баймұхамбетова әкімдік табалдырығын әлі тоздырып жүр.

Үш қызымен 36 жасында жесір қалған Әсел Баймұхамбетованың негізгі жұмысы қазір отын жару. Отағасы қапыда атылған оқтан қаза болғаннан бері үйдің бар ауыртпалығы өз мойнында. Өткен ғасырдың 70 жылдары салынған Байсерке ауылындағы екі қабатты ескі үйден жолдасы тірі кезінде тар болса да пәтер алыпты. Бірақ ескі баспананың әуресі көп.

"Ақши ауылында жерлеу рәсімі болып жатқанда облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев мырза келді. Сол кісі артында қалған балаларына пәтер беріледі, қалаған ауданыңыздан келіп алыңыз,- деді. Жетісі өткен соң прописка бойынша Іле ауданына бардық. Олар келесі апта,- деп шегіндіре берді. Үшеуін көтеріп алып бір жарым ай жүрдім. Сонда облыс әкімінің таңдаған жерден алыңыз деген уәдесі қайда",- деді Полиция сержанты марқұм С.Әбілдаевтың жары, Әсел БАЙМҰХАМБЕТОВА.

18 шілдеде Алматы көшелерінде Күлекбаевтың терактісіне қарсы шығу үшін бұйрық алған 42 жастағы полиция сержанты алған оқ жарақатынан 12 күн ес-түссіз жатып қайтыс болды. Құқық қорғау саласында 23 жыл істеп, үш жылдан соң зейнеткерлікке шығам,- деп жүрген жігіттің артында 12, 8 және 2 жасқа толмаған үш кішкентай қызы қалды. Әкелерін сағынған кішкетай үш қыз әлі күнге көз жасына ерік береді. Әбілдаевтар қазір тек жәрдемақыға қарап отыр.

"Сабақтарыңды жақсы оқыңдар, бір-бірлеріңмен ұрыспаңдар, онда менің жүрегім ауырады дейтін. Біз қазір папамызды сағынамыз",- деді Полиция сержанты марқұм С.Әбілдаевтың қызы, Аружан ӘБІЛДАЕВА.

"Мен қазір папам үшін сабақты беске оқимын. Мен папамды сағынамын. Ол келетін сияқты, бірақ енді келмейді",- деді Полиция сержанты марқұм С.Әбілдаевтың қызы, Алтынай ӘБІЛДАЕВА.


Қарулы шабуылдан қаза тапқан полиция қызметкерлері отбасыларына Алматыдан ақшалай көмек те, пәтерлер де берілді. Ал асыраушысыз, әрі жұмыссыз отырған Серіктің жары Әсел Баймұхамбетова баспана мәселесін көтеріп, талай табалдырықты тоздырды. Жергілікті билік, дайын үй жоқ,- деп түсіндіреді.

"Әсел Баймұхамбетоваға отбасындағы адам санына байланысты тиесілі пәтер беріледі,- деп жоспарланып отыр. Ол аудан әкімінің бақылауында және облыстық әкімдіктің бақылауында. Салынып отырған бүгінгі күні бір-ақ үй. Талғар қаласында бір ғана үй бар. Одан басқа пәтер жоқ. Биылға осы үй пайдалануға жоспарланып отыр. Сондықтан, осы үй бітеді, сосын осыдан алады",-деді Талғар ауданы әкмі аппаратының жетекшісі, Ахмет ӘШІМАХУН.

Талғар ауданында қазір мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып жатқан үй осы. 5 қабатты ғимаратта 64 пәтер бар. Ал жолдасы террористің қолынан қаза болып, үш қызымен қалған Әсел Баймұхамбетова пәтер кезегіне 735 адам болып тұрған. Бірақ бұл жолыда уәде берген аудан басшылары Серік Әбілдаевтың отбасын осындағы жаңа пәтерге жаңа жылға дейін көшіреміз,- деп отыр.

Әмірболат Құсайынұлы, Ялкунжан Әшімжанов, "Алматы" телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир