|
26.10.2016 | 14:33
4000

Алматыдағы көк базар аумағынан жаңа сауда орталығы қолданысқа беріледі

Алматыдағы көк базар аумағынан жаңа сауда орталығы қолданысқа беріледі

Алматыдағы көк базар аумағына жапсарласа салынған жаңа сауда орталығы желтоқсан айында қолданысқа беріледі. Ғимараттың бірінші қабатында азық-түлік өнімдері саудаланса, екінші қабатқа халық көп тұтынатын өзге де тауар түрлері қойылады. Жаңа нысан іске қосылғасын көк базар аумағындағы жабайы сауданың жолы кесіледі. Бұл туралы 9 айдағы жұмысты түйіндеген Медеу ауданының әкімі мәлімдеді.


Бұл құрылысы жазда басталған Көк базардың жаңа сауда орталығы. Жеке кәсіпкердің 200 млрд теңгеден астам қаржысына тұрғызылған 20 мың шаршы метр аумақты құрайтын сауда орны желтоқсанда қолданысқа беріледі. Қос қабаттан тұратын нысанда азық-түлік өнімдері мен өзге де тауарлар сатылады. Маңайға 400 орынды көлік тұрағын салу жоспарлануда. Аумақ ашылғасын көшеде жұрттың мазасын қашырып, алтын мен телефон саудалайтын алыпсатарлар сирей түспек. Жергілікті билік олардың заңсыз саудасын түбегейлі тоқтатып, тиісті сауда нүктелерде жұмыс жасауын қатаң қадағаламақ. Бұдан бөлек, Көк базар маңындағы «жетім бұрышта» пәтерлерді жалға беріп, алайда салық төлеуден жалтарғандарға тықыр таянбақ.

«Медеу ауданы әкімінің аппараты жергілікті полиция өкілдерімен бірлесіп Көк базар аумағындағы жабайы сауданы жоюға байланысты күн сайын рейд жүргізуде. Бүгінгі күнге дейін базар маңына 24 паркомат орнатып, көшелерді ретке келтірдік. Енді заңсыз саудагерлерді, сондай-ақ, пәтер жалға берушілерді тәртіпке саламыз. Оларды жергілікті полицейлермен бірге тексеріп, жауапкершілікке тартамыз»,- деді Алматы қаласы Медеу ауданы әкімінің орынбасары, Бақытжан НАУРЫЗБЕКОВ.

200 мыңға жуық халқы бар Медеу ауданында атқарылған жұмыстар шаш етектен. Көктемде жұртты әбігерге салған нөсер жауынның салдарын жою үшін, 73 млн теңгеге 2,4 шақырым арық жүйесіне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал, тұрғындарды сел қаупінен сақтау үшін биыл 53 млн теңгеге Есентай өзеніне жаңа өткел салынып, жағалауы нығайтылды. Сондай-ақ, маңайға асфальт төселді. Келер жылы да бұл жұмыстар өз жалғасын тауып, Медеу ауданындағы кей өзендерді тереңдету қолға алынбақ. Мәселен, Есентай өзенінің жоғарғы бөлігі, яғни Жамақаев көшесінің солтүстігіне қарай шамамен 250 метр өзен жағалауын, Тіксай өзенінің жырасы бұзылған 20 нүктесін габион тормен бекіту жоспарлануда.

«Биыл Есентай өзенін біз тереңдеттік жан жағын, ендігі жылға Шырынсай мен Тіксай. Бізде қазір проектно сметалық документация дайындалып жатыр. Суммасын тоже қазір мен айта алмаймын, неге десеңіз оның біз ана жан-жағын габионный немен біз сеткамен дұрыстаған болатынбыз. Ендігі жылға сметамыз дайын болады. Қаражат бөлінсе қалғандарын да су арнасынан тасымау үшін жөндеу жұмыстарын жасайтын боламыз»,- деді Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі, Ержан ЖЫЛҚЫБАЕВ.

Ауданның әл-ауқатына қызыққан кәсіпкерлер, қазір ескі үйлерді сүру бағдарламасына да ден қоя бастапты. Медеу ауданында тозығы жетіп, бұзылуы тиіс 66 тұрғын үй бар екен. Оларды орнына су жаңа баспана тұрғызу үшін инвестиция тарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

«Бізде жеке кәсіпкерлер көптеп келіп жатыр, сол 66 учаскені біз ниет білдірген кәсіпкерлерге көрсетіп жатырмыз орнына апарып. Қызығушылық бар, енді Медеу ауданына сұраныс бар. Қазір қарап зерттеп жатыр. Ол уже өзінің жеке қаражатына салатын қаржы ғой, сол ескі үйлерде тұрып жатқан тұрғындармен жұмыс жасап олардың келісімін алғаннан кейін территорияға кіріп үй соға бастайды. Ал, енді ескі үйде тұрып жатқан адамдар сол үйге кейін көшетіндей қылып. Бұл жұмыс жалғасып жатыр, қазір бізде 3-4 нақты потенциальный дейміз ғой инвесторларымыз бар, келіп жұмыс жасап жатыр»,- деді Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі, Ержан ЖЫЛҚЫБАЕВ.

Биыл Медеу ауданынан мемлекеттік бюджетке түскен кіріс мөлшері көбейіп, жоспар толығымен орындалды. 9 ай ішінде салық түсімдері 92 млрд теңгеге өсіп, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 60 пайызға артып, 343,7 млрд теңгені құрады.

Айдана Мейрамбайқызы, Рашит Шүкіралиев, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
Прямой эфир