ШЫҰ саммиті: Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше мемлекеттің басшыларымен кездесті

Акорда
Акорда
Мемлекет басшысы Ильхам Әлиев, Эмомали Рахмон және шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен келіссөз өткізді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан Президенті ШЫҰ саммитіне құрметті қонақ ретінде қатысқан бірнеше мемлекеттің басшыларымен кездесті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Аkorda.kz-ке сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық рухында дамып, жаңа мазмұнмен жоспарлы түрде толығып келе жатқан жан-жақты ынтымақтастықтың динамикасын жоғары бағалады.

– Мен Бакуге және Шушаға жасаған сапарымды үнемі еске аламын. Бұл, шын мәнінде, бетбұрысты, маңызды, тарихи мәні бар сапар болды десек, артық айтқандық емес. Келіссөздер барысында біз бірқатар стратегиялық сала бойынша өзара ықпалдастықты одан әрі дамытуға тың серпін бердік, – деді Қазақстан Президенті.

Екі ел басшылары инвестиция, өнеркәсіп, энергетика, көлік және логистика салаларындағы бірлескен жобалардың жүзеге асырылу барысын талқылады. Осы орайда Транскаспий халықаралық көлік бағдарын тиімді пайдалану мәселесіне айрықша назар аударылды.

Өз кезегінде Ильхам Әлиев дәстүрлі түрде құрмет көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, мемлекетаралық байланыстардың барлық бағыты бойынша Астанамен екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға Бакудің бейілді екенін растады.

Ильхам Әлиев Әзербайжан мен Армения арасындағы келіссөздер үдерісіне атсалысқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Сондай-ақ Қазақстанның әлемдік қоғамдастықтың лайықты мүшесі ретінде аймақта ғана емес, халықаралық аренада да маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Әңгімелесу барысында сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі тереңдету перспективалары қарастырылды. Сонымен қатар халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастықты одан әрі дамыту мәселелері жөнінде пікір алмасты.

Кездесу соңында екі ел басшыларының қатысуымен «Самұрық-Қазына» АҚ мен Azerbaijan Investment Holding арасындағы Бірлескен инвестициялық қорды басқару туралы келісімге қол қойылды.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ саммитіне арнайы қатысқаны және Астананың бастамалары мен басымдықтарын тұрақты түрде қолдап келе жатқаны үшін Эмомали Рахмонға ризашылығын білдірді.

– Саммитке Сіздің қатысуыңыздың мәні зор. Себебі 1996 жылы құрылған Шанхай ынтымақтастық ұйымының бастауында болған президенттердің бірісіз. Менің ойымша, бұл ұйым – шын мәнінде, тиімді, беделді әрі демократиялық бірлестік.  Ертеңгі саммит табысты өтеді деп үміттенемін, – деді Мемлекет басшысы

Қазақстан Президенті екіжақты ынтымақтастықтың барлық бағытта қарқынды түрде дамып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан мен Тәжікстан шын мәнінде одақтастық қатынастарды жолға қоя білді.  Бұған Эмомали Рахмонның сіңірген еңбегі орасан.

Тәжікстан Президенті өз кезегінде Қазақстанның ШЫҰ-дағы төрағалығы табысты өткенін айтты. Сондай-ақ екі елдің сауда-экономикалық, мәдени гуманитарлық салалардағы және қауіпсіздік бағытындағы ынтымақтастығы жоспарлы түрде дамып келе жатқанын атап өтті.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон екі елдің халықаралық ұйымдар аясындағы өзара ықпалдастығының жекелеген аспектілерін қарастырды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ саммитіне қатысуға арнайы келгені және Қазақстанның халықаралық бастамаларын қолдағаны үшін Қатар Мемлекетінің Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәниге алғыс айтты.

Мемлекет басшысы Қатарды Қазақстанның ең жақын серіктестерінің бірі ретінде атап өтіп, екі елдің мақсаттары ортақ және тілеулес екенін айтты.

– Сіздің еліңізбен тығыз қарым-қатынас жасауға ниетті екенімізді атап өткім келеді. Менің Дохаға жасаған сапарым туралы жақсы естеліктер қалды. Бұл екіжақты ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беру тұрғысынан айтулы оқиға болды. Біз байланыстарымызды стратегиялық серіктестік деңгейіне көтердік. Менің сапарым барысында өте маңызды құжаттарға қол қойылды. Қазақстан Үкіметі осы келісімдердің табысты жүзеге асырылуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды деп ойлаймын, – деді Президент.

Өз кезегінде шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни Астанаға тағы да келіп, ШЫҰ саммитіне қатысу зор мәртебе екенін айтты.

– Әрине, Дохаға жасаған өте маңызды сапарыңыз есімде. Сіз өзара қарым-қатынасымызды стратегиялық деңгейге көтергенімізді еске салдыңыз. Мен қарым-қатынастарымызды мақтан тұтамын.  Елдеріміз әлі де ауқымды жұмыс атқаруға, соның ішінде экономикалық және инвестициялық байланыстарды одан әрі нығайтуға тиіс, – деді Қатар Әмірі.

Әңгімелесу барысында тараптар сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, көлік-логистикалық, сондай-ақ ауыл шаруашылығы, энергетика, білім беру, денсаулық сақтау және телекоммуникация салаларындағы екіжақты байланыстарды нығайту перспективаларын талқылады. Өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге ерекше назар аударылды.

Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы Ресей Президентімен кездесті

Новости партнеров