Алматыда электронды ПИК порталы іске қосылмақ

24.10.2017 22:50

Алматылықтар пәтер иелері кооперативтерінің жұмысын онлайн түрде бақылай алады. Келесі жылы электронды ПИК порталы іске қосылмақ. Пилоттық жобаға қаладағы барлық кооператив қатысады. Тұрғындар жиналатын қаржының қайда жұмсалғанын сайттан көре алады. Тіпті өтініштер де электронды форматта қабылданады. Осылайша бұл жүйе барынша ашық болмақ. Әріптесім Перизат Көмекбайқызы жаңашылдықтың артықшылығымен танысып қайтты.

Алматыда жүзеге асырылатын электронды ПИК жобасына қазір 9 кооператив кірген. Соның бірі «Кәусар-Өмір» тұтынушы кооперативі. Оны Сәлима Бекеева 5 жылдан бері басқарып келеді. Мұндағы күрмеулі мәселені белсенді көршілерінен артық ешкім түсінбейді деп шешкен. Бүгінде кооператив құрамында 109 пәтер бар екен. Тұрғын үйдің саны көп болғандықтан, сәйкесінше, жұмыста жетіп артылады дейді төрайымы. Әкімдік тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясына электронды түрде өткізеді. 

«КСК кворумға біз қазіргі уақытта тоқсан сайын, 3 ай сайын есеп жібереміз. Тұрғын үй инспекциясына әкімдікке. 3 ай сайын бүкіл түскен ақшаларымызға, құжатты қайда жібердік. Қандай жұмыстар жасалынды? Соның бәрі есепте көрінетін болады»,- деді «Кәусар-Өмір» тұтынушы кооперативінің төрайымы, Сәлима БЕКЕЕВА.

Алдағы уақытта тұрғындарға да есепті электронды форматта өткізу құптарлық жайт екендігін алға тартуда. Дегенмен, ол барлығына қолайлы болмауы мүмкін. Мәселен, мұнда тұратын азаматтардың 70 пайызын егде жастағылар құрайды. Олардың барлығы интернетті қолдануды біле бермейді. Сол себептен қағаз түрінде есеп өткізуден бірден бас тарту қиынға соғады. 

«Үлкен кісілер апаларымыз, аталарымыз кімде компьютер жоқ олар қарап оқып, көріп оқи алмайды. Олар жазғысы келсе, сұрақтарын, өздерінің білгісі келетін жаза алмайды, жауабын ала алмайды. Оқи алмайды. Сол кішкене үлкен кісілерге қиындау болып тұр. Ал, жастар осының бәрін жақсы қабылдайды»,- деді «Кәусар-Өмір» тұтынушы кооперативінің төрайымы, Сәлима БЕКЕЕВА.

Порталды іске қосу жүйені ашық жүргізуге көмектеседі. Себебі, дәл осы қызмет түріне көңілі толмайтын тұрғындар көп. Пилоттық жоба жұмысы келесі жылдан басталмақ. Оның құрылуына Алматы қаласы әкімдігі мұрындық болып отыр. Порталға қаладағы 824 ПИК енгізіледі. 

«Порталда ПИК жұмысының барлық есебі көрсетіледі. Шығын көлемін де сайттан табуға болады. Тіпті жиналысты да онлайн өткізуге мүмкіндік бар. Оның қорытындысына сай электронды өтініштер жасалады. Бұл әсіресе жиналыстарға қатысуға мүмкіндігі болмайтын тұрғындар үшін қолайлы. Тіпті басқа қалада немесе мемлекетте жүріпте, кооператив жұмысын бақылап отыруға мүмкіндігіңіз болады»,- деді «Электронды ПИК» жобасының менеджері, Ләйлә ЕСБОЛОВА.

Атап өтерлігі, мұндай жоба Астанада жұмыс істейді. Алматыда ол елордадағы порталдың тәжірибесін негізге ала отырып іске қосылады.