Алматылық тұрғынның әуесқой түсірілімі әлеуметтік желіні шулатты

Алматылық тұрғынның әуесқой түсірілімі әлеуметтік желіні шулатты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылық тұрғынның әуесқой түсірілімі әлеуметтік желіні шулатты. Кеше ардагерлер үйінде тұратын қария тамақ пен ақшаға мұқтаж деген видео желдей тарап кеткен еді. Желі қолданушылары ақсақалға жандары ашып, болған жайтты қызу талқыға салды. Ал, ардагерлер үйінің басшылығы мен қарияның туыстары бейнежазбаны таратқан азаматтың үстінен арызданбақ.

Бұл кеше жүктеліп әлеуметтік желіні шулатқан бейнежазба. Онда біреулердің ақсақалмен сөйлесіп жатқаны анық естіледі. Жолдан өтіп бара жатқандар болса керек, қариядан жағдайы мен зейнетақысы туралы жөн сұрапты. Бірақ қойылған сұрақтарға ақсақалдың жөнді жауап бере алмай тұрғаны байқалады.

¤Бейнежазбаны желіге жүктегендер оның ардагерлер үйінде тұратынын белгілепті. Ал халық видеоға қатысты түрлі пікір білдіріп, желіні шулатып жатыр. Арасында азық-түлік әкеліп, көмектескісі келетіндер де табылды. Жағдайдың анық-қанығын білу үшін аталған қарттар үйіне бізде бардық. Белгілі болғандай, бейнежазбадағы қарттың аты-жөні Эрлен Чулаков екен. 81 жастағы қария психикалық диспансердің тізімінде де бар екен. Өзі жөнді сөйлей алмайтындықтан, орталықтағы жағдайды ағасы айтып берді.

«Ол тамақ жейді бірақ таңдап жейді. Ал мен. Менің асқазаным ауырғасын мен асқазаным жарағанша жеймін тамақ. Жуындырады. Сол жақсы. Сосын мына постельді бәрін ауыстырады. Жақсы. Санитарка жақсы жинайды. Сосын постельді уақытында ауыстырады. Киімді ауыстырып сол»,- деді Эрлен Чулаковтың ағасы, Ромэн ЧУЛАКОВ.

Ақыл-есінде ауытқушылығы бар ақсақал бұл бөлмеде туған інісі Чулаков Ромэнмен бірге тұрады. Екеуінің де балалары жоқ. Осы орталықта тұрып жатқанына 5 жылдан асқан. Әлеуметтік мекеме басшылығы аталған үйден сыртқа шығуға рұқсат бар деді. Тек, Эрлен ақсақалдың өткен жылы жоғалып кеткенін ескеріп, қарындасы алысқа шығармауды сұраған.  

«Бұл видео шындыққа сәйкес келмейді. Эрлен қарияның жасы егде тартқандықтан мінез-құлқында ауытқушылық бар. Оның туған-туыстары келді. Олар да бейнежазбаны түсіргендерге ашулы. Аталған жағдайды жылы жауып қоя салмаймыз. Заңды тұрғыда арызданамыз. Өйткені, біздің орталықта қарттардың жайлы өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалған»,- деді №3 Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы директорының орынбасары, Рима КҮЛБАЕВА.

Ертең орталық басшылығы ақсақалдың денсаулығын қайта тексеруді жоспарлап отыр. Айта кетейік, бұл ардагерлер үйі 310 адамға шақталған. Қазір мұнда 287 адам тұрады. Мекемеде 180 адам жұмыс істейді. Оның 8-і дәрігер, 30-дан астамы медбике болса, қалғаны әлеуметтік қызметкерлер екен.

Жадыра Омаржан, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы

 


Новости партнеров