Ақмола облысында екі аяғынан айырылған 25 жастағы экскаваторшы Мадияр Төлеубеков қайтыс болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Сағат 23:00-дер шамасында бізге қоңырау шалып, оның хал үстінде жатқанын хабарлады. Біз жылдам жетіп бардық, бірақ жүрегі тоқтаған екен», – дейді жігіттің әпкесі Ақыл Нұрмағамбетова.
Оның айтуынша, туыстары Мадиярды Астанадағы емханаға апармақ болған.
Еске сала кетейік, 21 шілде күні таңғы сағат 08:00-дер шамасында «Алтынтау-Көкшетау» ЖШС ашық кенішінде тау жынысын қопарып жатқан экскаватордың үстіне тастар құлап, кабинаны ішіндегі 25 жастағы жүргізушісімен бірге басып қалған болатын.
11 сағаттан астам уақытқа созылған құтқару жұмыстарынан кейін 1993 жылы туған жүргізушіні кабинадан алып шыққан.
Ақмола облыстық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Алма Раеваның айтуынша, 25 жастағы экскаваторшының аяғын сақтап қалу мүмкін болмаған. Ұзақ уақыт бойы бірнеше тонна тастың астында езіліп, қимылсыз жатқан оның аяқтары жансызданып кеткен. Оған бірден ота жасалып, дәрігерлер жігіттің аяғын кесуге мәжбүр болған.
Айта кетерлігі, оқыс оқиғаға байланысты полиция ҚР ҚК-нің 156-бабы бойынша (еңбекті қорғау ережесінің бұзылуы) іс қозғады.