Ораза айттың бірінші күні орталық мешіттің ауласында ұлттық ойындардан жарыс өтті

Ораза айттың бірінші күні орталық мешіттің ауласында ұлттық ойындардан жарыс өтті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ораза айт мейрамының тойлануы Алматыда ерекше басталды. Барша мұсылман қауымы асыға күтетін мерекеде айт намазы оқыла сала ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Сонымен қатар 500 адамға ас берілді.

Алматының орталық мешітіне ораза айт намазын оқуға келгендердің қарасы қалың. Алла үйінің іші-сыртында ине шаншыр орын жоқ. Қасиетті айды аяқтап, жаратқанға қол жайып, жалбарынғандардың тілегі бір. Ол - рамазан айындағы дұғаларының қабыл болуы.

«Осы елдегі мамыражай өмірдің нәтижесі аллаға шүкір. Алла тағала осынын әрдайым тұрақты етсін деп біз дұға қыламыз. Егер осы елдегі бейбіт өміріміз, мына ұлтаралық татулық, дінаралық келісім осылай тұратын болса, онда біздің еліміз дамиды, көркейеді. Біздің елімізде қайырдың, жақсылықтың барлығы болады деп ойлаймын. Алла разы болсын»,-деді Алматы қаласы Орталық мешітінің бас имамы Еркінбек ШОҚАЙ.

Айт намазынан кейін, мешіттің ауласында ұлттық ойындардан жарыс өтті. Жиналған жамағат белсене ат салысты. Бірі гір тасын көтеріп, білек күшін көрсетсе, енді бірі асық атып мергендігімен көзге түсті. Сондай-ақ арқан тартыс пен ағашқа өрмелеуден де сайыс болды. Жеңімпаздарға тұрмыстық техника, құран кітап сынды сыйлықтар табысталды. Ораза айтта ұлттық ойындардан жарыс өткізу арқылы дәстүрлі дінді дәріптейміз,- дейді ұйымдастырушылар.

«Ең алдымен бұл мешітке келуші азаматтардың арасында салауатты өмір салтын насихаттау. Еліміздің дін саласындағы саясатын жеткізу, түсіндіру. Осындай ұлттық спорт арқылы жамағатпен өзара байланысымызды дамытып, ауызбіршілікті насихаттаймыз»,-деді Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқарма басшысы Айдар ЕСЕНБЕКОВ.

Қасиетті рамазан айында ораза ұстап, тарауық оқып, отыз күн ғибадат жасаған ағайын бүгінгі мерекеге жеткендеріне сансыз шүкірліктер айтады. Мейрам қарсаңында ұйымдастырылған спорттық шараның жоғары деңгейде өтіп жатқандарын да жасырмады.   

Рамазан - ұлы мүмкіндік айы. Ораза айт - бір ай бойы ораза ұстап, ықыласпен жақсылық жасаған адамның құрметке, марапатқа ие болатын кезі. Бұл мейрамда әрбір мұсылманның үйінде 7 шелпек пісіріліп, мерекелік дастархан жайылады. Туған туыс, көрші бір-бірінің үйін аралап айтшылайды. Ренжіскендер кешірім сұрасып, татуласады.  

Өмір Әнуарбек Рашиддин Якупов, Алматы телеарнасы.

Новости партнеров