Алматыда «Smart City » жобасын жүзеге асыруға сингапурлық кәсіпкерлер кіріспек

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда «Smart City » жобасын жүзеге асыруға сингапурлық кәсіпкерлер кіріспек. Бұл туралы қала әкімі Бауыржан Байбектің Сингапурге барған іс сапары барысында белгілі болды. Екіжақты кездесу аясында Бауыржан Байбек сыртқы істер бойынша аға мемлекеттік министр - Сингапурдың оңтүстік шығыс ауданының Мэрі Мұхаммед  Малик Османмен кездесті. Оған қоса сол елдің сауда, өндіріс ұлттық даму жөніндегі аға мемлекеттік министрі Ко По Кунмен жүздесу сәті түсіпті.

Сингапур елі ұзын сонар көлік кептелісінен құтылу үшін тың тәсілін тапқан көрінеді. Онда темір тұлпарды тізгіндеген әрбір жүргізуші жүрген жолына ақы төлейді. Билік мұндай қадамға халықтың тығыз орналасуы себебінен кейін барғандығын алға тартады. Бұдан бөлек, жаңа жылдан бастап, ескі көліктерді жою бағдарламасының арқасында жеке көлік санын мүлдем азайтуды қарастыруда. Онда тозығы жеткен темір тұлпар әр 10 жыл сайын жойылады, жаңа  автомобиль содан кейін ғана тіркеледі екен.

«Біз қазір ауқымды көлік реформасын жүзеге асырудамыз, смарт шешімдерде Сингапур тәжірибесін пайдаланып, адамдардың өмір сүру жағдайын жақсартамыз, әсіресе көлік саласында. Алматыда күн сайын 700 мыңнан астам көлік жүруде, соның салдарынан қала трафигіне қысым жасалуда. Біз қоғамдық көлікке ерекше  назар аударамыз. Жыл аяғына дейін қала автобус паркінің үштен бірі жаңарады, БРТ  дәлізі  құрылады, метро құрылысы жалғасады, автобустарға арналған арнайы жолақтар ұзындығы 100 шақырымға дейін жетеді. Көлік тұрақтары қолға алынып, велоинфрақұрылым, жаяу жүргінші аймақтары пайда болуда», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Биылғы жылы Алматыда мегаполис инфрақұрылымының басым бөлігі қайта жаңарды. Қаланың тарихи орталығының үштен бірінде жүргіншілерге  басымдық берілді. Орталықтандыру қағидасы бойынша қалаға қосылған елді мекендер де балабақша мен мектептер мен баспаналар  жарыса бой көтеруде. Осы ретте, оңтүстік астанадан барған Алматы делегациясы Сингапурдың болжау жобаларына қызығушылық танытқандарын жасырмады. Онда бұқараға сапалы тұрғын үй мен көз тояр инфрақұрылыммен қамтамасыз ету алға қойылған.

«Қала аумағын жоспарлауда тұрғындар санына болжам жасау маңызды фактор. Біздің жаңа концепциямызға сәйкес  барлық тұрғын үйлердің  90%-ы саябақтардан жарты шақырым радиуста орналасады.Сингапурдың  стратегиясы - жасыл қала, яғни, бақ ішіндегі қала», - деді Сингапур қаласын жоспарлау агенттігі академиясының деканы СЁ КА ПИНГ.

¤Иә, Сингапурде  салынған тұрғын үйдің 90 пайызы саябақтан жарты шақырым радиустан аспайды екен. Ал, Алматының айналасын көгалдандыру да  мықтап  қолға алынып келеді. Келер жылы 15 саябақ пен скверлер қайта жаңғырады. Оның ішінде  Ботаникалық бақ та жаңа кейіпке енбек. Біздің делегация ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралар тізіміне енген және үздік үштікке кіретін Сингапурдың Ботаникалық бақ тектес паркін аралады. Қала әкімі Бауыржан Байбек, түрлі компания жетекшілерімен кездесу барысында қаланың инвестициялық потенциалын таныстырып, негізгі жүзеге асырылатын жобалар туралы айтып берді. ¤

«Транспорт жүйесін анықтап ауқымды реформа жүргізілуде. Денсаулық сақтау, білім беру, қауіпсіздік және инфрақұрылым сауалдары да қамтылуда. Осы бес бағыт. Бұл жобалардың барлығы тұрғындардың өмірін жеңілдетуге бағытталған. Смарт қалаларды дамытудағы басты мақсат та сол», - деді Алматы қаласының әкімі.

Сонымен, Сингапур бизнесмендері Алматының инвестициялық тартымдылығына ерекше қызығушылық танытты. Кейбірі құрылыс, қатты қалдықтарды утилизациялау және инженерлік коммуникация саласы бойынша бірлескен жобаларды іске асыруға ниет білдіріпті. Бағдарламаларды әзірлеу және шетелдік компанияларға жоба әзірлеуге көмек көрсететін «Сингапур Корпарейшн Интерпрайз» үкіметтік агенттігі Алматыға қолдау көрсетуге дайын. Соның ішінде смарт-технологияны енгізу және қаланың шеберлік жоспарын дайындау. Соңынан, тараптар ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюмен тарқасты.

Әйкерім Ердәулетқызы, Ялкунжан Әшімжанов, АТ Сингапур

Новости партнеров